Отбасылық құндылықтар – ұлттық тәрбие негізі

24574
Adyrna.kz Telegram

Әрбір ұлттың өз мұрасы болатыны белгілі. Сол мұра ұрпақтан ұрпаққа ілесіп жетуінің сыры неде деген сұрақ туындайды. Оның сыры – отбасындағы құнылықтардың тәрбие негізіне айналуында. Ұлттың ұлт болып қалуы, қоғамның ырғақты дамуы, мемлекеттің өркендеуі ең алдымен отбасы тәрбиесіне баланысты. Бала тәрбиесінде отбасылық құндылықтарды дәріптеу мемлекеттік деңгейде қадағалануы тиіс.

Отбасы дегеніміз – бұл шағын мемлекет. Мемлекеттің шаңырағы биік, керегелері тең, уықтары нық болуы үшін ұлттық бағытта тәрбие берудің маңызы жоғары. Ұлттық дәстүрлерден қол үзушілік тәрбиенің қайнар көзінен үзушілікке әкелетінін, ұрпақтар байланыстығы мен сабақтастығын бұзатынын, адамгершіліктің құлдырауын, еңбектің тәрбиелік мәнін құнсыздандыратынын тарихи тәжірибе қуаттап отыр. Демек, отбасы педагогикасымен байланысты мәселелердің маңызы ерекше. Сондықтан, қазіргі уақыттың маңызды проблемасы оқушылардың тәрбиесінде мектеп пен отбасының педагогикалық ынтымақтастығын толық жүзеге асырудың қажеттілігі туындайды.

   Еліміздің болашағы бала тәрбиесінде отбасылық құндылықтарды, ұлттық тәлім-тәрбиені дұрыс насихаттау арқылы жүзеге асады. Жаңа Қазақстан үшін қазақ өркениетін дамыту, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін ұлттық құндылықтар аясында кеңейту – өзекті мәселенің бірі. Сондықтан алдымызда тұрған үлкен мақсат – ұлттық мұра құндылықтарын қазіргі таңның мәдени жетістіктерімен үйлестіру. Отбасы — мемлекеттің іргетасы. Отбасы – адам баласының өсіп — өнер,  қанат жайып түлеп ұшатын алтын ұясы. Адамзат өміріндегі мейірімділік пен адалдық, адамгершілік пен тектілік секілді асыл қасиеттерді бойына жинайтын жандар, отбасындағы тәрбиеден бастау алады. «Oтан – отбасынан басталады» дегендей отанды сүю – отбасынан басталатыны рас! Себебі, отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы баспалдағы. Оның ер жетіп, бойжетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік қасиеттерінің белгілері отбасында қалыптасады. Барлығымызға белгілі –  әлемдегі біздің ең шынайы байлығымыз – ол, әрине біздің отбасымыз. Тек қана отбасы бізге күш пен өзімізге деген сенімділік береді, өмір үйрететін сабақтардан сүрінбей өтуге көмектеседі, ұлттық құндылыққа баулыйды. Бір сөзбен айтқанда, отбасы - барлық рөлдері бөлініп қойылған қоғамның шағын моделі болып табылады. Демек, отбасы – бала бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың қайнар бұлағы, бастауы. Әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастар жүйесін, салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тыйым сөздерді, тәрбиелік мәні жоғары үлгілерін сіңіретін де отбасы. Осы тұрғыдан отбасын ұлттық құндылықтарды қалыптастыратын, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын ұлттық мәдениетті тәрбие арқылы тасымалдаушы орта ретінде қарастыруға болады.

   Жас ұрпақ тәрбиесінде теңдік және үйлесімділік секілді құндылықтар болуы маңызды. Яғни ол өзінің өсу, есею кезінде ақ сүт беріп асыраған ата-анасымен де, ұстаздарымен де үйлесім таба білуі тиіс. Сонда ғана тұлға бойында ұлттық рухани қасиеттер бірте-бірте қалыптасары сөзсіз. Тұлға бойындағы рухани құндылықтарды қалыптастырудың көзі, отбасы, әулет, әлеуметтік орта, мемлекет болса, ұлтық құндылық, ұлттық салт-сана, ұлт алдындағы міндет, парыз, намыс, ұлттық рух, ұлттық салт-дәстүр, тұлға бойындағы ұлттық құндылықтың жоғары көрсеткіші. Ал ұлттық құндылықтар дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтқанда, ұлттық құндылықтар белгілі бір ұлтқа, ұлт азаматына тән, адами қадір-қасиет, яғни ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар. Оларға меймандостық, кісілік, сыйластық, имандылық, кішіпейілділік, салауаттылық, қайырымдылық, ізгілік, еркіндік, өнерпаздық, сыпайылық, мәдениеттілік, шығармашылық, рухани байлық, махаббат сынды қасиеттер жатады. Кез-келген ұлттың сипаты бес қағидаға келіп тіреледі: Біріншісі – тілі, екіншісі – діні, үшіншісі – дәстүрі, төртіншісі – тарихы, бесінші – атамекені. Құндылықтар – шынайы ғана болады, ол адамға тәуелді емес, дей тұрғанмен ол ең алдымен адам санасында орын алады. Құндылықтарды сезім арқылы қабылдап, ал сана арқылы түсінуге болады, соның нәтижесінде тұлға құндылықты игереді, соған сай әрекет етеді. Өз ұлтын қадірлеп, қастерлеген, ұлт қадірін білген азаматтың бірі Ж.Аймауытов: «Мен халыққа кіндігіммен байланып қалғанмын. Оны үзе алмаймын. Үзу қолымнан келмейді» - дейді. Бұл дегеніміз бір адамзаттың тағдыры, тәрбиесі күллі ұлттың тәрбиесіне байлаулы деген сөз. Отбасы — жеке құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастарды, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тәрбиенің жоғарғы үлгілерін сіңіретін де отбасы. Осы негізде отбасынан жалғасын табатын құндылықтар негіздерін ұмыт қалдырмай, жаңғыра түсейік, рухани болмысымызды жоғалтпайық! 

 

Пікірлер