Жаңаөзендіктер әкімдік алдына жиналып, Астанадағы мұнайшыларды бостауды талап етіп жатыр

4115
Adyrna.kz Telegram

Маңғыстауда Жаңаөзен қаласы тұрғындарының бір тобы әкімдік ғимаратының алдына жиналып,  Астанада арнайы жасақ бүгін ұстап әкеткен мұнайшыларды босатуды талап етіп жатыр, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Уақыт өткен сайын әкімдік алдына жиналған жаңаөзендіктердің саны артқан үстіне артуда.

Сонымен қатар, аймақтағы бірнеше мұнай компаниялары жұмысын тоқтатты. Осылайша ұсталған жаңаөзендіктердің уәжімен толық келісетіндігін білдіріп, оларды босатуды талап етті.

Жаңаөзен қаласының белсендісі, бұрын Мәжіліс депутаттығына үміткер болған Мұратбай Жұмағалиев билікке қарата үндеу жасады. Ол қалада интернеттің дұрыс жұмыс істемейтінін және еміс-еміс телефон байланысы үзілетіндігін хабарлады.

Еске сала кетейік, кешкі сағат 8-ден кейін Астанадағы Энергетика министрлігі ғимаратының алдына Жаңаөзендегі "Бералы Маңғыстау Company" мұнай компаниясының 80-ге жуық қызметкері жиналды. Олар министрлік алдында түнеп, ашық талап қойды.

Бүгін Энергетика министрлігі ғимаратының алдында 200-ден астам адам жиналды.

ҚМГ мен Энергетика министрлігі жаңаөзендіктерге жағдайды шешудің балама жолдарын ұсынса да,  наразылық білдірушілердің өздері басқа компанияда жұмыс істеуден бас тартқанын мәлімдеген еді.

Министр Алмасадам Сатқалиев мұны тендерден ұтылған компанияның айла-шарғысы деп санайтынын айтты.

Сейсенбі күні кешке барлық наразылық білдірушілер қалың жасақтың күшімен ұсталып, полиция мекемесіне жүк көлігімен жеткізілді.

ІІМ мұнайшылардың қазіргі жағайына қатысты әзірге ешқандай ақпарат берген жоқ.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер