Депутат мектептен кеткен инспекторларды қайтаруды сұрады

1749
Adyrna.kz Telegram

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Премьер-Министр Әлихан Смайылов пен Бас Прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады. Ол Мәжілістің жалпы отырысында оқушылар арасындағы әлімжеттік мәселесін көтерді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Айтуынша, соңғы уақытта жасөспірімдер арасында әлімжеттік көбейіп, олардың соңы адам өлімімен аяқталып жатыр. Депутат қайғылы оқиғалардың бірқатарын тізіп өтті.

«Алматы облысындағы Саты ауылында болған қайғылы оқиға төбе шашымызды тік тұрғызды. Алдымен, 10-сынып оқушысының көз жұмғанын естідік. Қайғылы оқиғаға жоғары сынып оқушысының қайғылы оқиғасы себеп болған. Сұмдығы сол, марқұм болған 10-сынып оқушысының жерлеуінен кейін оның досы, сыныптасы да өз өзіне қол салып, қайтыс болды. Сәуір айының басында Түркістан облысы Төрткүл ауылында су каналынан 15 жастағы қыздың өлі денесі табылды. 9 сыныпта оқыған жасөспірімді өлтірді деген күдікпен 2 адам ұсталды»,—деді ол.

Нартай Аралбайұлы бас прокурор Берік Асыловтан жоғарыда аталған істерді қатаң бақылауға алуды сұрады.

«Айыптылардың жазадан құтылып кетпеуін сұраймыз. Әлімжеттік фактілерін біле тұрса жасырып қалған қызметтегі азаматтардың да жазаға тартылуы керек. Оған қоса, балаларды қорлап жатқан кезде араша түсудің орнына сол әрекеттерді бейнетаспаға түсіріп жариялаған адамдарды да жазалау қажет. Және айыпты оқушылардың ата-аналары да тиісті жазасын алуы керек»,—деді депутат.

Бұдан бөлек, ол Премьер-министрге де өз ұсыныстарын айтты.

«Мектепте арнайы инспектор болғанда ғана іштегі тәртіптің жақсаратынын тәжірибе көрсетті. Сондықтан мектеп инспекторларын қайтару керек. Балаларды әлімжеттікке төзбеуге, егер қысым жасалса арнайы маманға жүгінуге үйрету керек. «Арыздауға болмайды, таяқ жегеніңді айту ұят» деген сынды қылмыстық өткені бар түсініктерді жою керек. Сондай-ақ оқу мен тәрбиенің біртұтастығын қамтамасыз ететін жүйе қалыптасуы тиіс. Әрбір пәннің тәрбиелік функциясы, әрбір мұғалімнің тәрбиелік жауапкершілігі болуы тиіс. Қазіргі жағдайда Үкіметтің «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» №1193 қаулысының 4-қосымшасының негізінде сынып жетекшілерге 1-4 сыныптар үшін 8800 теңге (базалық лауазымдық жалақының 50 пайызы), 5-11 сыныптар мен колледждер үшін 10600 теңге (базалық лауазымдық жалақының 60 пайызы) көлемінде қосымша ақы белгіленген. Мұғалімдердің сабақта және сабақтан тыс уақытта балалардың тәрбиесімен жүйелі айналысуы үшін кейбір мамандандырылған мектептердегідей арнайы куратор штаттық бірлігін барлық мектепке енгізіп, олардың лайықты айлық жалақысын және статусын айқындауыңызды сұраймыз»,—деді депутат.

Пікірлер