Жаңаөзендік массажист: «Мұнай саласындағы жұмысты күтудің мәнісі жоқ, мен адамдарға көмектесуді жөн санадым»

1804
Adyrna.kz Telegram

Людмила Башкенова 37 жасында өмірдің жаңа арнасына бет бұрып, жаңа кәсіпті игеруге шешім қабылдайды. Өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға көмек көрсетуді мақсат еткен ол сүйікті ісіңмен айналысу еңбекке деген ықыластың артуына оң ықпал ететіндігін айтады, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Людмила Башкенова - 1-топтағы мүгедек. Тағдыр тәлкегіне мойымаған массажист қимыл-қозғалысы шектеулі екендігіне қарамастан ерік-жігерінің арқасында күйзеліске душар болған жандарға көмек қолын созып келеді.

Мықты әйел өз жұмысы жайлы ерекше ықыласпен баяндайды. Себебі, ол кей адамдардың дертінен айығып, аяғынан тік тұруына ықпалдасып, жаңа бір белеске биіктеуіне септескен.

-Қандай жұмыс болса да, әрдайым шын ниетіммен жасап, кәсібімді дамытып келемін. Күйзеліске түсіп, жағымсыз ойға шырмалған, күш-қуаты, өмірге деген құштарлығы кеміп, дел-сал күй кешкен жандарға көмегімді аямаймын. Массаж арқылы ізгілік пен жақсылыққа деген құлшынысты қайта оятып, сенімін бекітуге септесемін. Көпке көмегім тисе, мендегі мақсат сол, - деді Людмила Башкенова.

Людмила ханым кей адамдар секілді мұнай саласынан да жұмыс іздеуді жоспарлаған. Алайда күрделі саладағы қызметті көңілі қаламаған.

-Мұнай саласындағы қызмет бәріне бірдей бұйыра бермесі анық. Себебі бұл салада кәсіби білікті өз ісінің мамандары ғана жұмыс істеуі тиіс. Іркіліссіз өндірісті іске асыруда құрыштай берік, денсаулығы мықты мамандар тер төгуде. Сондықтан баршаға ортақ талапты ескеру міндет тұр. Ал менің жағдайымда денсаулығымның дімкәстігіне байланысты қоғам өміріне оң өзгерістер әкелуде нақты мүмкіндігімді сараладым. Сүйікті ісіңді табу үшін қандай мамандық бітіргенің маңызды емес. Тіпті, мүмкіндігіңіз шектеулі болса да белгілі бір саланы дамыта аласыз. Ең бастысы - қасаң қағидаттарға бой алдырмай, өз қалауыңмен өмір сүру, - дейді Жаңаөзен тұрғыны.

Людмила Башкенова массаж ісіне бет бұрмас бұрын, қолөнермен айналысқан. Бүлдіршіндерге арналған әр алуан киімдер тоқып, саудалаған. Еңбек етуден еш жалықпаған жан маңдай термен тапқан нан тәтті деген ұстанымды ұстанады.

Пікірлер