Қазақ тілі және оның дағдарыс менеджменті

2037
Adyrna.kz Telegram

 ​​Сәуірің 26-да «Erkin El» қоғамдық бірлестігі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Алматы қалалық филиалы және Алматы Менеджмент университетінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» жобасын талқылауына арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл комитетінің, Алматы қаласы әкімдігінің, «Атамекен» ҰКП қалалық филиалының өкілдері қатысты. Өткізілген пікір алмасу Қазақстанның мемлекеттік тілінің функцияларын кеңейту міндеті әлі де шешімін таппай келе жатқанын көрсетті. Мұның басты себебі елімізде жүргізіліп жатқан тіл саясаты мен қалыптасқан тілдік жағдайдың сәйкес келмеуі болып отыр. «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» жобасы да соның тағы бір дәлелі болды.

Өз басым талқылауға ұсынып отырған мемлекеттік құжаттың мазмұны оның тақырыбына сәйкес келмейді деп  есептейтін мамандардың бірімін. Осы ойды білдірген, менен бұрын дөгелек үстелде сөз алған, сарапшы Серік Ерғалидың пікірін қоштаймын.  Көлемі 70 беттен асатын тұжырымдама мәтіні Тіл комитетінің егжей-тегжейлі есебіне сай болып тұр. Құжаттың бірінші бөлігінде Тіл комитетінің жүзеге асырылған іс-шаралар мен жобалар тізімі берілген. Екіншісінде – сол шаралар тізімі алдағы жеті жылға қайта жоспарланып отыр. Мемлекеттік тілді оқытатын жеке орталықтар талап ете алатын номиналды құны 5000 теңгелік ваучерлерді пайдаланудың егжей-тегжейлі тәртібін қоспағанда, жаңа идеялар мен тәсілдер Тіл комитетінің тұжырымдама жобасында іс жүзінде жарияланбады.

Құжат мәтіні қарапайым техникалық талаптарға сәйкес келмейтінін байқауға болады. Мұнда: «...тіл саясаты мәселелері бойынша жүргізілген кешенді әлеуметтік және аналитикалық зерттеулердің ұсынымдары ескерілді», - дей отырып, сол зерттеулердің бір де бір  атаулары берілмейді. Сондықтан құжат статистикалық деректерге толы болса да, олардың шығу тегі де, қайнар көздері де белгісіз болып отыр. Тұжырымдаманы дайындаған мамандардың салғырттығы мәтінде көрсетілген кейбір интернет сілтемелерінің жарамсыздығынан да көрінеді.

Құжаттың бірқатар ережелері сұрақтар тудырып отыр:

- Құжатта қазақ мектебін бітірген түлектердің қазақ тілін білу деңгейі неліктен В2 деп бағаланған? Бұл қаншалықты дұрыс? Шетел тілін үйренушілер үшін қолданылатын шкала ана тілінде сөйлейтіндерге сәйкес бола ала ма?

– «Азаматтық қоғам» термині бір-ақ рет ескерілу себебі неде? Ол келесі контексте кездесіп тұр. – «Министрлік азаматтық қоғам институттарына, белсенді азаматтарға, еріктілерге БАҚ арқылы қазақ тілін қолдауға бағытталған акцияларды, іс-шараларды, бастамашыл жобаларды өткізуде ақпараттық қолдау көрсетеді»,– деп жазылған. Демек, Тіл комитеті аталған топқа тек ақпараттық көмек көрсетуге міндеттенеді.

–«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы неліктен мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда басты серіктес болып табылады? «Атамекен» кәсіпорнының басшылары мен қызметкерлері мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жолында еліміздің барлық азаматтарымен бірдей атсалысуы тиіс емес пе? Мемлекет «Атамекенге» тіл жобаларын жүзеге асыру үшін қаржы бөлетін жағдайда, бұл ұйымда жұмыс істемейтіндер тек ақпараттық қолдауға қол жеткізе алады. Керісінше, неліктен ірі бизнестің тіл саясаты аясындағы орны, ең алдымен, қосымша қаржы тартудың ресурсы ретінде қарастырылмайды?

– Құжатта тіл саясатын қалыптастыруға ғылыми талдау, негіздеу қажет деген түсінік неге жоқ? Қазақ тілінің келешегі мен жетістігі демографиялық көрсеткіштермен байланысты екені айқын. Бірақ белгілі бір жағдайларда аталған үдеріс  тиімді мемлекеттік тіл дамыту стратегия мен тактикасына негізделмесе, оның  игі нәтежиесіне кепілдік бере алмаспыз.

Менің ойымша, талқыланып жатқан құжаттың объективті «пайдасы» мен маңыздылығы оның Қазақстанның тіл саясатында түбегейлі жаңа көзқарастарды қалыптастыру қажеттілігін көрсеткені. Шынына келсек,  тұжырымдама жобасын ұсынып отырған мамандар да осы ойды, көптеген тіл саясатына қатысты тетіктерді жариялап, білдіріп отыр.  Өкініштісі, жоба мәтінінде тілдің ұлттық корпусын жасау, терминологиялық жұмыс сияқты қажетті бағыттар аталса да, ақырында олар жобаның жалпы жүйесіз құрылымының арқасында көзге ілінбей, еленбей қалып отыр.

Ал, тұжырымдама жобасының балама нұсқасын үсынсақ, ол келесі сауалдарға негізделіп, солардың төңірегінде мәселені шешер еді.

Тұжырымдаманың «Ағымдағы жағдайды талдау» бөлімінде тіл саласындағы істің нақты жағдайы қандай; бұл жағдайдың себептері неде; қандай стратегиялар мен құралдар бұл жағдайды жақсарта алады деген сауалдырға жауап беру керек.

Ағымдағы жағдайды талдау кезінде келесі ұғымдарды пайдалану қажет:

  1. A) Батыстандыру, модернизация, ашаршылық, жаһандану (тарихи-мәдени контекстті сипаттау үшін);

В) аккультурация, ұлттық нигилизм, тілдік ығысу, тілдің сақталу классификациясы (әлеуметтік-мәдени процестерді сипаттау үшін)

С) стихиялық креолизация (тілдік процестерді сипаттау үшін)

  1. D) ұлт құру, тілді жоспарлау, инновациялық жалпымемлекеттік жобалар (тіл саясатының тиімді және керекті құралдарын қалыптастыру үшін)

Жалпы, ұлттық тілдің (қазақ тілінің) нақты тарихи кезеңдеріндегі өмір сүруі мен даму процесінің ерекшеліктері туралы сөз қозғауымыз керек. Қазіргі қазақ тілі ірі тарихи өзгерістер – батыстану мен модернизациядан өткен тіл екенін  түсіну маңызды. Қазір біз жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатырмыз, бұл тек қазақ тілі ғана емес, көптеген ұлттық тілдер үшін де үлкен сынақ болып отыр. Ашаршылыққа келсек, бұны мәдени жарақат - травма деп бағалау керек. Ашаршылық (басқа үдерістермен қатар) қазақ тілінің құндылығына зиян тигізіп, соның салдарынан қазақтардың аккультурациясы мен ұлттық нигилизм қалыптасқан күйзеліс деп бағалау керек.

Тілдік процестерді талдау үшін «тілдік ығысуы» ұғымының маңызы да зор. Тілдік ығысуы деп  этникалық топтың тілінің өзгеруі, оның (немесе ұлт өкілдерінің бір бөлігінің) басқа тілдік ортаға ығысуы. Бұл үрдістің қарқынды басталуы ХХ ғасырдың 60-жылдарындағы белсенді урбанизация кезеңімен байланысты, соның нәтижесінде қазақ қоғамында қазір бейресми түрде шала-қазақтар деп аталатын әлеуметтік топ пайда болды.

Тілдік ығысыуның көрсеткіші – тілдің «креолизациясы» деп аталатын лингвистикалық құбылыс. Бұл жағдайда креолизацияға бейім болған тілде үстемдік тілдің әсерінен көптеген калькалар пайда болып, соның нәтижесінде ол оның «көшірмесіне» айналатын процесс. Креолизацияланған тілдің грамматикасы басым тілдің грамматикалық формаларына еліктеуге, қайталауға кіріседі. Мысалы, қазіргі қазақ тілінде кейбір кездерде сұраулы бөлшектерді қолданудан бас тартады, сөйлемдерді құрастырғанда қазақ тіліне сай сөз тәртібін дұрыс қолданбайды. Калькалау орын алады. Ойлау жүйесі бұзылып, өгей тілдің ойлау тәсіліне көшеді.

Тәуелсіздік кезеңіндегі тіл саясатының басты міндеті – ХХ ғасырда қалыптаса бастаған тілдік ығысу салдарын еңсеру болды. Бірақ, қазіргі кезге дейін орыс тілі үлкен қалаларда басым тіл болып қала беретін секілді. Елімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттік тілді нығайтуға, оның функцияларын кеңейтуге бағытталған тіл саясаты шараларының пәрменсіздігінің өзі осыдан 60 жыл бұрын тілдік ығысуы тенденцияларын әлі де шектелмегенін көрсетеді.

Келтірген тезистерді растау немесе теріске шығару үшін ауқымды социологиялық зерттеулер қажет. Жалпы, еліміздің гуманитарлық институттары болып жатқан тілдік үдерістерді мұқият бақылауға алуы қажет, өйткені олардың ғылыми зерттеулері  тіл құрылысы аясындағы тұжырымдамасының негізін құрауы қажет.

Тиімді тіл саясатын қалыптастыру үшін тілдің қазіргі кездегі жағдайы туралы объективті түсініктің болуы маңызды. Осыған байланысты ЮНЕСКО қабылдаған тілдерді сақтаудың әлемдік классификациясы назар аударады. Онда қазақ тілі «қауіпсіз» (safe) болып жіктеледі. Дегенмен, тілдердің қызмет етуіндегі осал позицияларды көрсететін сипаттамаларды қарастыратын болсақ, онда оларды Қазақстандағы қазіргі тілдік жағдайды сипаттау жолында қолдануға болатынын байқау қиын емес. Мысалы, Қазақстанның ірі қалаларында, сондай-ақ жекелеген аймақтарында тұратын бірқатар этникалық қазақ отбасыларына қатысты «қауіп төнген» (definitely endangered) тілдер критерийін қолданылуы орынды - «балалар өз үйлерінде ана тілін оқып меңгермейді». Бұл топқа этникалық қазақтармен қоса, қазақ тілі ана тілі емес Қазақстан халқының өкілдерін жатқызу қисынды болар.

Демек, қазақ тілі әлемдік классификацияда өркендеген тіл қатарына жатқызылғанымен, оның даму саласында объективті қатерлердің көп екенін ескеруіміз керек.

Мемлекеттік тілді дамыту тұжырымдамасының мақсаттарына қол жеткізу үшін «тіл дағдарысы» ұғымын енгізе отырып, қазақ тілін «қауіп төніп тұрған тіл» деп белгілеу қажет деп санаймын. Бұл жағдайда дағдарысқа қарсы менеджмент  тіл саясатының неғұрлым тиімді және нәтижесі зор құралдарын пайдалануға мүмкіндік береді.

Қазақ тілінің дамуындағы объективті қатерлерді түсіну және мойындау, қазіргі жағдайды «тіл дағдарысы» деп бағалау алдағы жеті жылға арналған тіл тұжырымдаманың негізгі ережесіне айналуы тиіс. Бұл ойды тарқатсақ, тұжырымдаманың негізгі мақсаты белгіленген дағдарыс құбылыстарына төтеп бере алатын тіл саясатын қалыптастыру болып табылады.

Мысалы, «тіл дағдарысы» ұстанымы аясында қазақ тіліндегі көрнекі, аудио, интернет және теледидар жарнама мәтіндерінің сауатсыздығы мәселесіне олардың мемлекеттік тілдің дамуына тигізетін зиянына сәйкес шаралар қолдану қажет. Жарнама мәтіндердің көпшілігі лингвистикалық калька болғандықтан, олар қазіргі қазақ тілінің креолизациялану (қарабайырлануын) процесін күшейтіп, қазіргі қазақ тілінің экологиясына орны толмас зиянын тигізеді.

Дағдарыс менеджмент тұрғысынан қарастырылғанда, «тіл дағдарысы» жағдайында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің талқыланған тұжырымдама жобасында ұсынылған шаралар тиімді бола алмайды. Көрнекі жарнама мәтіндерін тексеруді заңмен бекітілгеннің өзінде, әкімшіліктерде мұндай жұмысты атқаратын мамандар жоқ. Ол үшін кәсіби филологтар кеңесін құру керек. 2015 жылы әріптестеріммен бірге құрылған «Мемлекеттік тілдегі жарнамалық копирайттардың сапасын арттыру жөніндегі Қоғамдық кеңес» бір жарым ай ішінде атқарған жұмысын осындай ұйымға үлгі ретінде қарастырылуы қажет.

Бұл кеңестің жұмысы арнайы сайтта көрсетілуі керек. Бұл жерде жаңа сөздер мен терминдерді талқылауға болады, өйткені олар жарнама саласында өте көп.

Бұл ұсынысты жарнама бизнесінің өкілдері белсенді түрде қолдайды деп үміттенгім келеді, себебі олар қазіргі уақытта келесі маңызды ережелердің дұрыстығын растай бастады. – Жарнама мәтінін аудару қажеттілігі туындаса, ол тікелей емес, қазақ тілінің ережелері мен стилін ескере отырып, мағыналы түрде аударылған мәтін болуы керек. Жарнама бастапқыда қазақ тілінде жасалған болса, бұл жайт аса  қолайлы болар еді.

Қазіргі қазақ тілінің дамуына қауіп төніп тұрған кезде мектепке дейінгі және мектептегі білім беру жүйесінің орны ерекше. – Балабақшалар мен мектептерге тіл дағдарысын түбегейлі өзгерте алатын жалпыұлттық инновациялық жобаларды енгізу қажет. Осындай тиімді дағдарыс менеджменті құралы ретінде 2009 жылы жаряланған «Қобланды» жырын жатқа оқу»  жобасының әдістемесін пайдаланылуы тиіс. Бұл жоба ұлттық жыр мәтіндерін қазіргі кезеңнің өзекті құралы ретінде пайдаланады. Балабақшаларда балалар дастанның 300 жолын жатқа оқыса, бастауыш мектепте – 600 жол, мектеп бітіргенше оқушылар 3000 жолға дейін жатқа білетін болады.

Жыр жолдарын жаттау тәсілі қазіргі жағдайда жетіспейтін сауатты тілдік ортаны жасанды түрде қалыптастырады. Бұл жобаның білім және тәрбие беру әлеуеті зор.

Қазіргі тіл саясатының басты қателігі – қазақ тілін тартымды етіп оқытқысы келетіні, оған «әдемі қаптама» жасауға тырысуы. Қазақ тілінің даму жолында заманауи контент құру мақсатында  барлық айтылған ұсыныстар мен үндеулердің негізгі жаһандық ағымды қайталау әрекеттерінен туындайды. Алайда мұндай көзқарас жүйесінде адам тек сол контенттің тұтынушы ретінде қарастырылатынын ешкім түсіне қоймайды.

 

Заман көшіне ілесу қажет екенін ешкім жоққа шығармайды. Демек, тіл саясатының нәтижелі  болуы адамның өзі тіл оқып оны меңгергеніне күш салып, еңбегін жұмсап, тіл мұхитымен тікелей диалогта болатын жағдаймен байланысты. Бұған ұлт жырларымызды жатқа білу арқылы қол жеткізуге болады.

Қортындылай келе, Тұжырымдама жобасын талқылау үстіндегі қосатын ұсыныстарым:

  1. Қазақстан Республикасының Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасының баламалы жобаларын қарастыру; қажет болған жағдайда «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бекіту мерзімдерін ұзарту;
  2. Тұжырымдаманы дайындау үстінде гуманитарлық зерттеулердің ғылыми негіздеріне сүйену;
  3. Тұжырымдамада орталық ұғым ретінде «тіл дағдарысы» ұғымын пайдалану;
  4. Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – «тіл дағдарысын» еңсеруді тану;
  5. Қазіргі тілдік жағдайды «тіл дағдарысы» ретінде мойындағанның арқасында, қазіргі қазақ тілінің стихиялық креолизациясына қарсы тұратын шаралар енгізу.
  6. Жарнаманың сауатсыздығын қазақ тілінің экологиясына қауіп төндіретін жайт деп тану. Жарнаманың сауатсыздығын түзету үшін кәсіби редакторлардың,филологтардың қатысуымен мамандандырылған кеңестер құру, олардың жұмысын қоғамға ашық түрде жариялау.
  7. Балалар мен ересектерге арналған жыр мәтіндер негізделген мемлекеттік тілді оқытудың жалпыұлттық жүйесін құру. Бұл жалпыұлттық жүйені Қазақстан республикасының білім беру жүйесіне енгізу.

 

PS: Бұл мақала 26 ​​сәуірінде  «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстелде автордың баяндамасының негізгі тезистері болып табылады.

PPS: Фотосуретте осы күндері Алматы билбордтарындағы жарияланған «агрессив» креолизацияның мысалдары көрсетілген. «Тағы да көп жаңа мейрамханалар» – бұл да  сөздердің мағынасыз  жимасы деуге болады. «Әр отбасы пайда алады» орыс тіліндегі «получает пользу» сөзтіркестен тікелей аударылған. Қазақ тілінде «пайда»  ұғымы бұл контексте қолданылмайды. - «Пайда табады», «пайдасын тигізеді».

Дөңгелек үстел талқылауында төмендегі қарарлар қаралды:

  1. Осы дөңгелек үстелге қатысушылардың ұсыныстарын жазбаша түрде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тіл комитетіне таныстыру үшін электронды пошта арқылы жіберу.
  2. Мемлекеттік тілді дамыту тұжырымдамасының мақсаттарына қол жеткізу үшін «тіл дағдарысы» ұғымын енгізе отырып, қазақ тілін «қауіп төніп тұрған тіл» деп белгілеу қажет деген ұсыныс аса маңызды болып табылады. Бұл жағдайда дағдарысқа қарсы менеджмент тіл саясатының неғұрлым тиімді және нәтижесі зор құралдарын пайдалануға мүмкіндік береді.
  3.  Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң Тіл комитетiне барлық айтылған ұсыныстар мен ескертпелердi ескеру және Тұжырымдама мазмұнына қатысты балама тәсілдер қарастыру мақсатында Тұжырымдама жобасын талқылау мерзiмiн ұзарту ұсынылады. Қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының Мәжілісінде Тұжырымдаманы қабылдау рәсімінің мерзімі кейінге қалдырылсын.
  4. Тұжырымдама жобасының мазмұны мен жұртшылықтың Тұжырымдама мәтініне ұсынатын ұсыныстары енгізуі туралы баспасөз конференциялары және қоғамдық талқылаудың өзге де түрлері арқылы диалог алаңдарын ұйымдастырып жұртшылыққа ақпарат беруді жалғастыру.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер