Азаматтық алу "рецебінің" құрбаны ма? Атажұртына оралған қандастар шағымынан видео тарады

2113
Adyrna.kz Telegram

Әлеуметтік желіде Қазақстан азаматы атануда қиындыққа тап келген бір топ қандастарымызға қатысты видео тарап жатыр. Видеоны журналист Сымбат Байжөкенов бөлісті. Қандастардың айтуынша, айлап-апталап жинаған құжаттарды жергілікті миграция қызметі жоғалтып жіберген. Көші-қон қиындықтарынан әбден зәрезап болған азаматтарды ашу қысып, шу көтерді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.  

Шуға толы жиын Алматы облысының Шелекте ауылында болды. Журналистің жазуынша, 200-ге жуық қандастарымыздың азаматтық ала алмай жүргеніне жылға жуық уақыт болыпты. Оның үстіне, жергілікті көші-қон қызметі бар құжатты жоғалтып жіберген.

- Алматы облысы, Шелек ауылында 200-ге жуық қандасымыз бір инспектордың кесірінен екі жылдан бері Қазақстан азаматтығына қол жеткізе алмай жүр. Өзбекстан мен Қытайдан қоныс аударған қазақтар бір жыл бұрын қызметінен шеттетілген миграция инспекторы жұмысын ары қарай жалғастырып, құжаттарды қабылдай бергенін айтады. Атажұрттың азаматы атану арманға айналды деген ағайын Дәулет есімді инспектор делдалдар арқылы ауызбастырық алып отырғанын да жеткізді. Енді осы қызметкерді шулаған жұрт таппай сабылып жүр. Көбінің айлап жүріп жинаған бума-бума құжаттары да жоғалған. Ал, көшені басына көтеріп, айғайға басқан мына әйел көші-қон қызметінде жұмыс істемеймін деп бет бақтырмай, тілшілерге тап берді. Төзімі таусылған қандастарымыз "неге өтірік айтасың, құжатты саған бердік қой" деп шулады, - деп жазды Cымбат Байжөкенов.

Атаулы оқиғаға қатысты құзырлы мекемелер әлі ресми ақпарат берген жоқ.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер