Ермұрат Бапи қазынаны жымқырған Назарбаев туыстарын тоқтатуды талап етті

4349
Adyrna.kz Telegram
Фота: parlam.kz
Фота: parlam.kz

31 мамырда өткен парламент отырысында Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Бас прокурор Берік Асыловқа сауал жолдады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Депутат жолдаған сауалында халық қазынасын ұрлағандарға қатысты тың мәліметтерін айтып, әділеттілік орнату мақсатында ел президенті жариялаған науқанды ашық жүргізуді сұрады.

Халық қазынасынан ұрланып-жырланған активтерді елге қайтаруға қатысты зарықтырған заң жобасы ақыр соңы Мәжіліске түсті. Әзірге көз жүгіртіп шыққанда, оның шикі тұстары аз емес. Бірақ біз – егер шынайы халықтың депутаттары болсақ, бұл заңды елде әділет орнатудың бір инструментариі деңгейіне жеткізіп қабылдауымыз керек болады. Бұл принципті және күн тәртібінде тұрған ең маңызды мәселе. Біз клептократ ұрылар 30 жыл бойы талан-таражға салған халық байлығын, тым құрығанда, оның тең жартысын елге қайтаруымыз керек. Бұл кемінде 150 миллиард доллармен өлшенетін қазына, - деп атап өтті Ермұрат Бапи.

Сондай-ақ, бас прокурорды «тиісті заңның қабылдауын күтпей, іске шұғыл кірісуге» шақырған мәжіліс депутаты, алдағы бес жылда клептократия тақырыбын «парламент партасынан» қайталай беретінін де жасырған жоқ.

Еске салайық, мамырдың 23-де  Мәжіліс қарауына «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтаруға қатысты» бес заң жобасы келіп түсті. Бұл мәселеге қатысты ел ішінде тиісті заңдар әзірлеп, қабылдау жөнінде мемлекет басшысы 2022 жылы тапсырма берген болатын.

Пікірлер