«Алаңдатарлық жағдай»: Әлихан Смайылов өңір әкімдіктерін сынға алды

2264
Adyrna.kz Telegram

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов судағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Жаз енді басталды, ал еліміздің су айдындарында қаза тапқандардың саны ұлғайып барады. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі бойынша жаздың бірінші күні ғана 4 адам суға кетіп, мерт болды. Алдыңгүні бір күнде 9 адам, кеше тағы 4 адам суға кеткен. Қайғылы жағдайлардың барлығы шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде орын алған. Бұл – шынымен де алаңдатарлық жағдай», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы республикада жыл сайын 300-ге жуық адам суға кетіп, қайтыс болатынын, олардың 100-ге жуығы – балалар екенін айтты.

«Бұл қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетеді. Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында осы уақытқа дейін шомылуға рұқсат етілген арнайы орындар белгіленбеген. Ал Қызылорда облысында бүкіл өңір халқы үшін арнайы белгіленген 4-ақ орын бар. Алматы облысында Қапшағай су қоймасының маңындағы көптеген жеке меншік жағажайлар ресми тіркелмеген», — деді Премьер-Министр.

Осыған байланысты ол өңір әкімдіктеріне Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, суға шомылуға арналған қауіпсіз орындарды белгілеу жөніндегі жұмысты күшейту, сондай-ақ қауіпсіздік шаралары туралы халықты белсенді түрде хабардар етіп отыруды тапсырды.

Үкімет басшысы профилактикалық жұмыстар негізінен қалалар мен аудандарда ғана жүргізілетінін айтып өтті. Ауылдық жерлерде бұған көңіл бөлінбейді.

«Сол себепті суға батқандардың басым көпшілігі, яғни 60-70%-ы ауыл тұрғындары болып отыр. Осы бағытта жергілікті жерлерде кең ауқымды жұмыстарды жүргізу қажет. Халықтың назарына судағы қауіпсіздік талаптарын, алғашқы көмек көрсету ережелерін, арнайы жағажайлар мен қауіпті орындар туралы ақпаратты үнемі жеткізу қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Пікірлер