"Елге қытайдан қауіп төнсе, орыс қорғап береді"

3582
Adyrna.kz Telegram

Бұл біздің аңғалдығымыз ба, надандығымыз ба кім білген... Әйтеуір маған біздің қоғамның ел қорғау, жер қорғау, мемлекеттілікті қорғауға қатысты пікірлері ешқашан ұнаған емес. "Елге қытайдан қауіп төнсе, орыс қорғап береді, орыстан қауіп төнсе, қытай қорғап береді, тәліптерден қауіп төнсе, ана екеуі қорғап береді". Бізде бәрі осындай "геосаясаткерлер". Бірақ осы "геосаясаткерлер" қорғап беретін көкелері қорғап алғаннан соң, сені мемлекет ретінде мойындауды қойып құрамына қосып алатынын түсінеді ма екен әлде осылар бірдемесін тегін қорғап береді дегенге рас, мүлтіксіз сене ме екен. Бұндай патерналистік пікірдегі адамдар меніңше өз мемлекеті үшін шөп басын сындырғысы келмейтін "халявщиктер". Мемлекет болғасын оның қауіпсіздігі деген болады, оның жанжалдары, тіпті соғысы да болады, ол үшін өлу деген де бар, соған халықтың идеялық дайындығы болу керек деген түсінік, меніңше біздің адамдарда жоқ.
Сәйкесінше бұлардың біреуінің де ауызынан "біз өзімізді өзіміз қорғауымыз керек, оның мынандай жолдары бар" дегенді естімеппін.
"Біз азбыз, бейшарамыз, андаймыз" деген әңгіме де бұл жерде жүрмейді. Кезінде халқының саны 2 - 3 млн ғана болатын Израиль өзінен жүз есе көп 300 млн арапты соғыста тізе бүктіріп, қазір құдіретті әскер құрып алды. Қазір сол Израиль - 400 млн арапқа дес бермей отырған әскери держава. "Халық санының аздығы" деген әңгіме - заманауи қаруларды меңгеріп, әскерін мұздай қаруландырып, кәсіби білікті әскер құрып, оның сапасын жоғарғы деңгейге жеткізген мемлекеттер үшін түк емес, ол тек бейшараның әңгімесі.
Дені дұрыс жұрт, соғыста әскердің саны емес, оның сапасы шешуші рөл ойнайтынын баяғыда түсініп, бәрін соған салып жатыр.
Қазір мықты дайындықтан өткен, мұздай қаруланған он шақты адамнан тұратын топ, бір рота босбелбеу сарбазыңыздан артық, сол бір топ, бір қауым боқмұрын солдатты оп - оңай жайратып кете салады. АҚШ тың Ауғанстандағы, басқа елдердегі операциялары соны дәлелдеп келеді. Заманауи жарақтар асынған американдық сарбаздар түнгі де күндізгі де жорықтарға өте бейім, жабайы тәліптерді пытырлатып қойдай қырды.
Ал әскери техникаңыз үздік болса соғыс даласында кімнің қожайын болатынын тағы да сол Израиль дәлелдеп берді. Израиль, советтің тот басқан қаруларымен қаруланған арап елдерінің әскерлерін өзіне қарай бір қадам аттап бастырмады.
Ал енді біз сияқты - теріскейінде өмірі жерге тоймайтын мешкей орысы бар, күнгейінде "калашников" автоматына сүйенген кір - кір қабасақал тәліптері бар, шығысында миллиард қытай нөпірі бар "географиялық қорада" отырған халықтың өз қорғанысына қатысты идеясы тек жауынгердің идеясындай болуы керек. Ал ол халықтың ондай ниеті, мақсаты болмаса оған мемлекет атанып не керек?

Баяғыда, 1939 жылы 150 млн халқы бар КСРО мемлекеті, 3 млн халық саны бар Финляндия мемлекетіне соғыс ашып ат қойғанда, финдар оған асқан қайсарлықпен тойтарыс беріп, өз мемлекеттілігін қорғап қалған екен. Финдар сол кезде біраз жерінен айырылды әрине, бірақ олар мемлекеттілігін қорғап қалды. Сонда Британия премьер министрі - У. Черчилль бұл жөнінде "егер мемлекет соғыс пен сордың екеуінен, сорды таңдайтын болса, ол мемлекет сорлы да болып үлгереді, аласапыран соғысты да көреді, финдар арлы биік халық боп шықты, олар ар мен намысты ту етіп басқа жолды таңдады" деп осы финнің өжеттігіне тәнті болып, аталы сөзін айтқан екен. Міне, сіздерге идеялық дайындық пен қайсарлықтың үлгісі.
Өкінішке орай, бізде бұның бірде біреуі жоқ екен:
1. "өзімізді өзіміз қорғауымыз керек" деген идея.
2. Кәсіби білікті әскер.
3. Озық әскери техника, технология.
4. Жеріміз үшін өлеміз, жан береміз, соғысамыз деген табандылық.

Олжас Әбіл

Пікірлер