Өрт сөндіру техникасының жаңасына - 1 жыл, ескісіне 35 жыл болған

1879
Adyrna.kz Telegram

Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті “Адырнаның” сауалына жауап берді. Бұдан алдын Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының өрт сөндіру қызметіндегі техникалардың тозығы жеткені туралы “Адырна” ұлттық порталына айтылған болатын. Осы жөнінде сұрақтарға облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жауап жолдады.

Департаменттің айтуынша, Қатонқарағайдағы №27  бөлімдегі өрт сөндіру техникасының жаңасына - 1 жыл, ескісіне 35 жыл болған.

"Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің теңгерімінде 247 бірлік техника бар, оның 125-і негізгі, 40-ы арнайы мақсаттағы, 82-і қосалқы құрал-жабдықтар" делінген департамент жауабында.

Осы дерекке қарағанда, жыл сайын тұрақты негізде Төтенше жағдайлар министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өрт сөндіру техникасын сатып алады. Жаңа өрт сөндіру көліктері келген кезде олар ең алдымен шекаралас аймақтарға, орман қоры бар аймақтарға, сондай-ақ өрт оқиғасы жиі  тіркелген бөлімшелерге таратылады.

Шығыс Қазақстан облыстық департаментінің "Адырнаға" жауабына қарағанда,  Катонқарағайдағы №27 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруге арналған 4 техника  бар. Техникалар мыналар: 2022 жылы шыққан Камаз, 2007 жылы шыққан Урал, 1988 жылы шыққан Газ-66, 1977 жылы шыққан ЗИЛ 131.

"Техникалар шығарылған жылына қарамастан, техникалық жарамды күйде ұсталуда. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда облыста өткен жылмен салыстырғанда өрттің 10 пайызға төмендеуі тіркелді" делінген департамент жауабында.

Пікірлер