Күтпеген оқиға. Euro-2024 іріктеуінде Қазақстан ойыншылары Ирландия құрамасын қалай жеңді?

1962
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан құрамасы теңбіл топ додасын табысты бастады.  Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы Солтүстік Ирландия ойыншыларымен кездесті. Нәтижесінде, төртінші ойынды да табысты аяқтады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Кездесу барысында екі тараптың ойыншылары да қақпа құлпын бұзуға тырысты. Десе де, қақпаны дәл көздей алған жоқ. Қазақстандық футболшы Максим Самородов өз мүмкіндігін құр жіберіп алды. Есепті өзгертетін мұндай сирек сәттер Солтүстік Ирландия құрамасында да болды.

Екінші кезеңде ойын көркі қыза түсті. Матчтың 88-минутында Абат Айымбетов ұлттық құрама сапындағы сегізінші голын соқты.

Осылайша, Қазақстан құрамасы ирландиялықтардан 1:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде екінші орынға көтерілді.

Мұнымен қоса ел құрамасы сынға түсетін H тобында Финляндия Сан-Мариноны 6:0 есебімен тізе бүктірсе, Словения мен Дания 1:1 есебімен тең тарқасты.

Енді қазақстандық футболшылар алдағы ойынын 7 қыркүйекте өз алаңында Финляндияға қарсы өткізеді.

Орайы келгенде айта кетейік, қазақстандық аяқ доп шеберлері қатарынан үш рет жеңіске жетіп отыр. 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында Қазақстан құрамасы H тобында үш ойын өткізді. Өз алаңында Словениядан 1:2 есебімен жеңіліп, Данияны 3:2 есебімен тізе бүктірген еді. Одан кейін сырт алаңда Сан-Мариноны 3:0 есебімен жеңді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер