Қаңтар оқиғасы. 16 жылға сотталған тараздық Ербол Жұманов абақтыда өзіне қол салған

1963
Adyrna.kz Telegram

Қаңтардағы қырғын кезінде "қаруды заңсыз иемденді", "қаруды заңсыз ұстады", "билік өкіліне күш көрсетті" деп айыпталып, 16 жылға сотталған Тараз тұрғыны Ербол Жұманов тергеу изоляторында өз денесіне жарақат салды. Бұл ақпаратты бірінші болып әлеуметтік желіде құқық қорғаушы Ринат Рафкат жариялаған деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Азаттық радиосына" сілтеме көрсете отырып.

Ербол Жұмановтың өз денесін жарақаттағанын адвокаты Жалғас Сапарханова растады. Ақпаратқа қарағанда, Жұманов сот үкіміне қарсы болған.

Адвокаттың айтуынша, оқиға 6 күн бұрын болған. Сол үшін ол жеке камераға қамалған. Әзірге оның денсаулығы туралы мәлімет жоқ.

Тараздағы тергеу изоляторы бастығының орынбасары Тимур Сандыбаев Жұмановтың мұндай әрекетке барғанын растады. Оның айтуынша, "жарақат салғаны үшін" тағайындалған қамау мерзімі аяқталған. "Денсаулығына еш қауіп жоқ" деді ол.

Жұмановтың ісі бойынша апелляциялық отырыс 29 маусымға белгіленген. 28 сәуірде Тараз соты Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған төрт адамға түрме жазасын берген. Төрт адамның ішінде ең ұзақ жаза осы Ербол Жұмановқа берілген еді.

Жұманов Қаңтар кезінде қару алғанын мойындағанмен "адам өлтірмедім" деген.

"Қаруды мен сағат 16.00-де алғанмын, ал қаза тапқан адамға оқ 15.18-де тиген. Мені жазықсыз түрмеге жауып жатыр" деген еді ол сотта.

Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда 15 адам мерт болған. Ал бүкіл Қазақстан бойынша кемі 238 адам қаза тапқан.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер