Қарағандыдағы балалар алаңында болған апаттан кейін аудан әкімінің орынбасары қызметінен босатылды

1878
Adyrna.kz Telegram

Екі бала зардап шеккен ойын алаңындағы апаттан кейін Әлихан Бөкейхан ауданының әкім орынбасары қызметінен босатылады, - деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Жедел кеңесте Қарағанды ​​облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тиісті тапсырма берді. Сондай-ақ құқық қорғау органдарына дұрыс орнатылмаған көгалды қойған мердігердің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырды.

"Өткен аптада бізде төтенше жағдай болды. Үлкендердің салғырттығынан екі бала зардап шекті. Қарағанды ​​қаласының әкіміне осы салаға жауапты Әлихан Бөкейхан ауданының әкімінің орынбасары қызметінен босатуды тапсырамын. Мен бірнеше рет ескерткенмін. Ойын алаңдарын жөндеуде – ең алдымен қауіпсіздік  туралы ойлану керек. Ештеңе құлап қалмас үшін, қауіптің алдын алу үшін бәрін жіті тексеру керек. Мердігерлердің асығыс екенін, ақша тапқысы келетінін көріп отырмыз, ал кейбіреулері оның ішінде біздің әріптестердің бұған көз жұма қарағанын байқап отырмыз», - деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Сондай-ақ, Ермағанбет Бөлекпаев балалардың ойын алаңдары мен аула аумақтарын абаттандыру ережелерін қайта қарауды ұсынды.

"Жасанды газонның орнына неге тартанды жамылғыны қолданбасқа. Осының барлығын зерттеп, өзгерту керек. Біздің мақсатымыз - қауіпсіз балалық шақты қамтамасыз ету. Бұл мәселелерді тезірек шешу керек", - деп қосты Бөлекпаев.

Еске салайық, Қарағандыда 19 маусымда қатты жел балалар ойнап жүрген ойын алаңын жұлып кеткен болатын. Оқиға салдарынан екі бала ауыр жарақат алды. Олардың біреуі жансақтау бөліміне түсіп, кейін хирургтер бригадасы ота жасады.

Төтенше жағдайдан кейін Қарағанды ​​қаласының әкімі Мейрам Қожухов бұл балалар алаңының әлі іске қосылмағанын айтты. Сондай-ақ қаладағы балалар ойын алаңдарының жағдайын тексеруді тапсырды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер