«Қазақ екеніңді растасын». Ирандағы кандастар көшу визасын ала алмай жүр

2171
Adyrna.kz Telegram
Фото: inform.kz
Фото: inform.kz

Үкімет бір жыл бұрын Иран азаматтарына 14 күнге дейін визасыз кіруге рұқсат берген болатын. Алайда, ирандық қазақтарға елге кіру жеңілдеген жоқ. Олар атамекеніне орала алмайтындарына наразы, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы  Azattyq сайтына сілтеме жасап. 

Ирандағы қазақ диаспорасы өкілдерінің айтуынша, бұл тек туристер үшін ыңғайлы, бірақ қандастардың көшуі үшін виза алу қиындай түскен.

Ирандағы Горган қаласының тұрғыны, 38 жастағы этникалық қазақ Пируз Бегей бір жылға жуық ата қонысына көшуге тырысуда. Оның "бизнес менеджмент" мамандығы бойынша жоғары білімі бар, жергілікті мұнай компаниясында, банкте жұмыс істеген, қазір Иранның мемлекеттік мекемесінде жұмыс істейді.

Бұрын С10 және С1 визасы берілген. Ол шетелдік қазақтарға Қазақстанға кіруге және ел аумағында үш жылға дейін болуға және тұрақты болуына мүмкіндік береді. Өткен жылдан бастап оларды беру тоқтатылды. Енді тек екі апта визасыз жүруге болады. Біз екі аптаға емес, тұрақты тұрып, Қазақстанға көшкім келеді және ондай адамдар көп, — дейді Пируз.

Олар бұрын Қазақстан елшілігі ұлты қазақ екенін анықтайтын комиссия құрып, соның тұжырымы негізінде шешім шығаратын немесе мешіт жанынан құрылған ақсақалдар кеңесінің анықтамасына сүйенетінін айта кетті. Ал қазір тек өзі тұратын елдің мемлекеттік органы берген қазақ екенін растайтын құжатты өткізуі тиіс.

Диаспора өкілдері бір жылда ережелер күшейгенін айтады. Бұған себеп, Қазақстанның Ирандағы бас консулының ауысуы болуы мүмкін.

“Иран үкіметіндегі біреу қазақ екеніңізді растасын" дейді. Енді не істеу керегін білмейміз. Ата-бабаларымыз Маңғыстаудан шыққан. Олардың құжаттарында олардың Кеңес одағында дүниеге келгені жазылған. Мұндағы қазақтар негізінен Кіші жүздің адай руынан шыққан. Наймандардан екі-үш отбасы және ұлы жүзден екі-үш отбасы бар. Жеті атамызды толық білеміз. Енді қандай дәлел керек екенін білмейміз, – дейді қазақ диаспорасының өкілі Жеңіс Шадкам.

Айта кетейік, еліміздің салық кодексі бойынша шетелден келген қандастар визалық алым төлеуден босатылған. Алайда қазақ жастары Қазақстанда оқуға виза алу үшін алым төлеп жүргенін айтады. Ираннан келген 13 қазақ студент 200 доллардан виза алып, шетелдік студенттер ретінде жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдерінде ақылы түрде оқып жүр. Өйткені олардың қазақ екенін растайтын ресми анықтамасы жоқ. Жастар Қазақстанға шетелдік қазақтар емес, шетел азаматтары ретінде оқуға барады. Олардың қандас мәртебесі жоқ.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі заң өзгермегенін және C1 және С10 визаларын беру тоқтатылмағанын айтты.

2011 жылы 22 шілдедегі "Халықтың көші-қоны туралы" Заңның 20-бабына сәйкес, өтініш беруші Қазақстан елшілігіне өзі тұратын елдің мемлекеттік органы берген және оның этникалық қазақ екенін растайтын құжатты ұсынуы тиіс.

Заң баптарында өзгеріс болмағанымен, ережеде өзгеріс болғанын министрлік диаспора өкілдерінің өзіне мойындаған.

Сыртқы істер министрлігі Иран қазақтарының өкілдеріне 2022 жылы 22 қарашада жіберген хатта "Бұған дейін этносы қазақ екенін анықтайтын комиссия және жергілікті қазақ мешіттері жанынан құрылған ақсақалдар кеңесінің анықтауымен беріліп келген қандастарға арналған тиісті санаттағы (С1; С10) визалар тоқтатылғанына" қынжылыс білдіреді.

Өтініш білдірушінің қазақ екенін тек мемлекеттік орган берген құжат қана растай алады. Одан басқалары қабылданбайды.

Бұған Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров жауап берді.

Аталған мешіттердің анықтамалары Қазақстан Республикасының заңнамасына сай келмейді. Мұндай анықтамалардың дұрыстығына күмән келтірген бірнеше факт анықталған, – деді ол.

Ал Иранның мемлекеттік мекемелерінде мұндай құжат жоқ, олар ұлтты айқындап көрсетпейді.

Иран азаматтарының төлқұжаттарында олардың ұлты жазылмайды, – дейді тағы бір диаспораның өкілі Жаппарбай Шадкам.

Мұндай мәселе ауғанстандық қазақтардың басында да жиі кездеседі. 2021 жылы тамызда Ауғанстанға "Талибан" келгенде, сол елдегі қазақтар өздерін Қазақстанға алып кетуді өтініп, елшілікке келген. 

Сыртқы істер министрінің өкілі Айбек Смадияров Ауғанстанда небәрі 15 қазақ отбасы немесе 200-ге жуық қазақ тұратынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан оларды алып кетуге дайын.

Олар ешқандай дәлел келтіре алмайды. Кйбіреулері қазақ тілінде сөйлемейді және ата-бабаларының қалай келгенін және тарихын білмейді, – деді Смадияров.

Кейін Смадияров репатриация туралы өтініш берген адамның қазақ екенін елшілік ішінде құрылған комиссия анықтайды деді. Сыртқы істер министрлігінің айтуынша, қазір шетелдіктер визаға немесе қандас мәртебесіне құжат тапсырғанда консулдық қызметкері "өтініш жасаған тұлғаның ұлтын растау үшін міндетті түрде сұхбат жүрізеді.

"Құтты мекен" деп аталатын арнайы жүйеге шетелдіктер құжаттарын енгізіп, Қазақстандағы көшіп баратын өңірлердің жергілікті атқарушы органдары қызметкерлерімен тікелей байланыса алады және олардың қазақ ұлтына жататынын анықтайтын комиссия жұмысы қарастырылып жатыр, – деп мәлімдеді СІМ. 

Ирандағы қазақ диаспорасы Гүлстан провинциясының Горган, Бендер-Түркімен, Гүмбед-Кавус қалаларында өмір сүреді. Олар 1928-1929 жылдары КСРО-да ауқатты адамдардың мүлкін тәркілеу науқаны басталған кезде Түркіменстан арқылы қоныс аударған. 1979 жылы Кеңес шапқыншылығынан кейін Ауғанстаннан Иранға қоныс аударған қазақтар да бар.

Қазіргі уақытта Иранда қанша қазақ тұратыны туралы ресми статистика жоқ. СІМ ақпараты бойынша бес мыңға жуық. Көптеген жылдар бойы жергілікті радиода жұмыс істеген журналист Жаппарбай Шадкам Иранда алты-жеті мыңға жуық қазақ бар деп шамалады. 

Иран қазақтарының бір жыл бұрын "Еңбек" бағдарламасы бойынша Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударған, одан кейін көшу науқаны тоқтап қалыпты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінң есебінде, 32 жылда шетелден Қазақстанға бір миллионнан астам қазақ қоныс аударған. Оның тоғыз мыңға жуығы Ираннан көшіп келген екен. 

Пікірлер