Әскердегі оқиға. Депутат Дәулет Тұрлыханов ұлының мәселесіне орай үндеу жариялады

1625
Adyrna.kz Telegram

Депутат Дәулет Тұрлыханов өз ұлының кешелі бергі жағдайын баядап, қазақстандықтарға үндеу жасады. Ел өзекті деп тапқан мәселенің басын басқа арнаға бұру қажет екенін хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

Депутат өз ұлына қатысты кеше өрбіген оқиғаға пікір білдіріп, қазақстандықтарға үндеу тастады:

- Құрметті Қазақстандықтар! Соңғы кезде менің ұлыма қатысты ақпарат кеңістігінде тарап жатқан хабарларға байланысты өздеріңізге үндеуімді жариялап отырмын. Соңғы бес айда әлеуметтік желілерде ұлыма қатысты жағдайға байланысты өте көп ақпарат шығып жатыр. Ия, бұл жағдайдың болғаны рас, алайда оны қоғамдық ортаға қайта-қайта сала берудің жөні жоқ деп есептеймін. Жағдай орын алғанда, мен өз пікірімді ашық айтқанмын. Барлық жағдай заң жүзінде шешілуі керек дегенмін.

Қазіргі кезде қоғамдық ортада менің ұлымның бір қателігінен басқа, қаншама айтылатын өзекті мәселелер бар емес пе?! Осы орайда, ұлыма байланысты жағдайдың қоғамда үлкен ақпаратқа айналғаны түсініксіз. Жарайды, ақпараттар шығып жатыр, осы арқылы хайп жинап, қоғамда рейтингін өсіремін дегендер өз мақсатына жеткен шығар. Енді менің ойымша бұл мәселені осы жерден доғарғанымыз дұрыс, - деді депутат.

Сонымен қатар, Дәулет Тұрлыханов мұндай ақпараттар ұлының жүйке талшықтарын түгесіп, жігіттік шағында еңсесін басатынын жеткізді:

- Осы ақпараттар менің ұлыма үлкен психологиялық ауыртпалық түсіріп жүргенін сеземін. Ол әлі жап-жас жігіт. Оның жасағаны дизертирлік емес, былайша айтқанда, балалыққа салынып «самоволкаға» шығып кеткені. Мен ұлымның Қазақстан Қарулы күштерінің сапында жауынгер болып жүргенін мақтан етемін. Ол жастықтың жалынымен қателік жасағаны түсінікті. Ғашық болып жүрген бала, сүйген қызы келген екен, соған шығып кеткен. Бұл енді жастық сезім, махаббат сезімі. Әрине, мен оны ақтамаймын. Қай ата-ана өзінің баласын жаман болсын дейді?!

Осы жағдайға байланысты ақпараттардан хабардар болып отырған баламның қазіргі психологиялық жағдайы мені қатты алаңдатады. Құдай сақтасын, осы жағдай баламның тағдырын тәлкекке салып, қандай да бір оқыс әрекетке баруына себеп болса, мен де өз тарапымнан қарап қалмаймын, қолданыстағы заң шеңберінде әрекет етемін, - деп жазды депутат.

Депутаттың айтуынша, ұлын бұлай "төпелей беру" оның абыройын ешқандай да ақсата алмайды.

- Мен өмірімнің басым бөлігін үлкен спортқа арнаған адаммын. Он жыл СССР құрамасында күрестім, Тәуелсіз Қазақстанның туын тұңғыш рет Олимпиада ойындарында көтеріп шықтым. Өзім спортты қойғаннан кейін, бапкер ретінде Азия, Азия ойындары, Әлем және Олимпиада чемпиондарын тәрбиелеп шығардым. Мен қазақтың ұлы болғаныма мақтанамын! Қазақ үшін төгілген қара терім мен өлшеусіз еңбегімді халқым бағалаған, әлі де бағалап, құрметтеп келеді.

Бүгінгі күндегі абыройым - орасан еңбектің арқасында келген. Ал менің ұлыммен болған бір ғана жағдай – халық алдындағы абыройымды түсіре алмайды. Қоғамды дүрліктіріп, ақпарат таратып жүргендер осыны түсінсе екен деймін.

Құрметті достар! Тағы да қайталап айтқым келеді, ұлыма қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бәрі заң шеңберінде шешілетін болады. Түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын, - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, кеше депутаттың ұлын ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілдері бір жоғалтып, бір тапқан еді. Бұған дейін Дәулет Тұрлыхановтың ұлы әскери бөлімнен қашқаны туралы хабарланған болатын.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер