Грузияда кісі қолынан қаза тапқан қазақстандық журналист өлімінің жай-жапсары белгілі болды

2100
Adyrna.kz Telegram

Тбилисиде өткен баспасөз мәслихатында қазақстандық журналист Жанбота Төлегеннің өліміне қатысты егжей-тегжейлі ақпарат айтылды, деп хабарлайды "Адырна" порталы. Бұл туралы қоғам белсендісі Дина Таңсәрі Facebook парақшасында жазды.

Дина Таңсәрі Жанбота Төлегенді өлтірді деген күдікті Габриэль Хохобашвилидің қазақстандық журналиспен 2015 жылдан бері қарым-қатынаста болғанын, бірақ олардың бірге тұрмағанын айтты. Ол бірнеше рет келіп, одан үнемі ақша бопсалаған. Әйел оған сенді, ол болса оны пайдаланды. Күдікті Жанботадан бөлек, 2016 жылы Қазақстанда басқа әйелге үйленіп, Грузияда бірінші некесінен балалы болған.

«Кісі өлтіруші Жанботаны алдап, мүлікті сатып, ақшаны айырбастау пунктінде ауыстырып жіберді. Жанботаның әпкесі сату-сатып алуды растайтын қажетті құжаттарды жинап, осы ақша айырбастау пунктін тапты. Грузия прокуратурасы Қазақстан банктеріне Жанботада есепшоттың бар-жоғы және үйді сатудан түскен ақшаны есепшотқа салуы мүмкін бе деген сауал жолдаған. Сондай-ақ айырбастау пунктінде ірі көлемдегі ақшаның шетел валютасына айырбасталғаны туралы да анықталды», - деп жазды Дина Таңсәрі әлеуметтік желіде.

18 мамырда олар үйді сатып, 20 мамырда олар Тбилисиде болды, ал 21 мамырда ол оны өлтіріп, денесін Кахетидегі өзенге лақтырып жіберді. 22 мамырда күдікті көлік сатып алып, балаларына үш рет барып қайтқан. 27 мамырда оны Грузия полициясы ұстады. Ер адам кісі өлтіргені үшін кінәсін мойындады, бірақ ақшаны тәркілеу үшін қасақана жасалғанын жоққа шығарды. Оның сатып алған көлігі тәркіленді.

Еске сала кетейік, Жанбота 3-ші топтағы мүгедек болып, онкологиямен ауырған. Күдікті оны Грузияда емдейтініне уәде берген. Алайда ол әйелді басынан кірпішпен ұрып өлтіріп, өзенге лақтырып жіберген.

Егер күдіктінің ниеті мен қаржылық мүддесі дәлелденсе, ол 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бұған дейін ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Грузияда журналистің өлтірілуі оның кәсіби қызметіне қатысы жоқ екенін хабарланған болатын.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер