Елордада «Астана – менің Отанымның Елордасы» атты әлеуметтік туры өтті

458
Adyrna.kz Telegram

Астана қаласы әкімдігі елорданың 25 жылдығына орай «Астана – менің Отанымның Елордасы» атты әлеуметтік турын бастады. Жоба шеңберінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген 1000 бала бас шаһардың көрікті жерлерін тамашалауға келеді. Олардың қатарында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары мен түрлі сайыстардың жеңімпаздары бар. Балалар 3 күндік жолдама арқылы Астананың бірқатар тарихи-мәдени нысанымен танысатын болады.

Алғашқы болып келген Абай облысының оқушылары бүгін мәре-сәре болып үйлеріне қайтты.
Балалар 3 күн ішінде «Бәйтерек» монументін, «Нұр Әлем» болашақ энергиясы музейін, ҚР Тұңғыш Президентінің музейін, ҚР Ұлттық музейін, «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығын аралап, Океанариум, Джунгли, Қазақстандағы ең үлкен шолу дөңгелегі, батут саябағы сияқты сауықтыру орындарына барды. Бұл олардың саяхаттарын қызықты әрі көңілді өткізуіне мүмкіндік берді.

«Біз қаланың ішіндегі көптеген нысандардың тарихымен таныстық. Астана – еліміздегі таза әрі әсем қалалардың бірі. Балалар үшін бұл демалыс жан-жақты ұйымдастырылған. Олар бағдарлама барысында мұражай, саябақ және ойын-сауық кешендеріне барды», - деп әсерімен бөлісті оқушы Қуаныш Сембеков.

Жобаға жауапты қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бөлім басшысы Өмірзақ Тілеужанның сөзінше, балалардың саяхатын Астана қаласының әкімдігі толықтай қаржыландырған. Жатын орнымен және үш мезгіл тамақпен қамтылған. Қала ішінде арнайы автобуспен жүреді.

«Жалпы бұл тур бірінші рет ұйымдастырылып отырған жоқ. Пандемияға дейін үш жыл қатарынан өткізгенбіз. Міне содан кейін 4 жыл өткенде қаламыздың ширек ғасырлық мерейтойына орай жобаны жаңа форматта қайта жаңғырта отырып жүзеге асырып жатырмыз», – дейді Өмірзақ Тілеужан.

Жоба мұнымен тоқтап қалмайды. Әрі қарай Алматы қаласында жалғасын табатын болады.

Пікірлер