Кездеспей кеткен бір бейне. Назарбаев қайда жүр?

4258
Adyrna.kz Telegram
Фото: 24tv.ua
Фото: 24tv.ua

Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында барынша салтанатпен атап өтілетін Астана күнінде от-шашу атылмағалы үш жыл болды. Соңғы рет коронавирус пандемиясы асқынып тұрған кезде атылған от-шашуды қоғам қатаң сынап, айыптаған. Оған дейін бұл күн жай ғана «Астана күні» емес еді. Астана күнін ауызға алғанда, Тұңғыш президенттің туған күні тойланатын. Қазір Тұңғыш президенттің өзі көзге көрінбейді, көпшілікпен кездеспейді. Неге?

Бүгін - Астана күні. Бұл мереке бұрын тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1998 жылдың 6 мамырындағы жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілуіне байланысты 10 маусымда аталып өтетін. Ал  2008 жылдан бері мереке Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне – шілденің 6-сына ауыстырылып, Қазақстанда мемлекеттік мереке болып жарияланды.

Осылайша, «Мерекелер туралы» заңға енгізілген түзетулерден кейін, 2009 жылдан бастап шілденің 6-сы мемлекеттік мереке ретінде аталып өтіп келеді. Бұған дейін бұл күн Астана күніне қарағанда,  жеке туған күнге жиі негізделетін. Ал бүгінгі негізгі той иесі, Қазақстанды отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев қайда жүр?

СЕНАТҚА КЕЛМЕГЕН «ҚҰРМЕТТІ СЕНАТОР»

Биылғы қоян жылында Назарбаев көпшілікке көрінбеуге тырысатын сияқты.

Жыл  басында Сенат регламентінен Нұрсұлтан Назарбаевқа қана берілген “Құрметті сенатор" атағы алынып тасталды. Оны 2019 жылы Назарбаев биліктен кеткен соң, сол кездегі Сенат төрағасы Дариға Назарбаева табыс еткен болатын. Сонда қызы әкесінің сенаттың кей жиынына қатысуы мүмкін екендігін айтқан. Алайда Назарбаевтың осы атақтан кейін сенат отырысына қатысқаны байқалмаған.

Ал биыл 12 қаңтар күні жоғары палата спикері Мәулен Әшімбаев мәлімдегендей, Мәжіліс пен Сенаттың функциялары өзгеріп,  "Құрметті сенатор" атағы алынып тасталды.

Кейін 20 қаңтар күні Назарбаевтың жүрегіне операция жасалды деген ақпар тарады. Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай твиттерде жазды. Артынша мұның ота емес, процедура екені айтылды. Бұл туралы Назарбаевтың жүрегімен айналысқан Ұлттық кардиохирургия орталығындағы танымал кардиохирург Юрий Пя мәлімдеген.

ТӨРДЕ ОТЫРУЫ КЕРЕК ЕДІ

Ақпан айы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күшi жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды. Бір сөзбен айтқанда, Елбасы туралы заңның ресми түрде күші жойылды.Конституциялық реформа кезінде осы титул Негізге заңнан да алынып тастаған.

Елбасы туралы заң күшін жойғаннан кейін Назарбаевтың сайты өз адресін өзгертті. Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сайты осы кезге дейін elbasy.kz аталып келсе, кейіннен nazarbayev.kz деген доменге ие болды.

Осы оқиғадан кейін экс-президент наурызайының 19-ы күні халық алдында алғаш рет төбе көрсетті. Ол «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры ғимаратында Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауында дауыс берді. Дауыс беру рәсімінен кейін барша қазақстандықтарды Әз-Наурыз мерекесімен де құттықтады.

Мамырда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Назарбаев канцеляриясының бұрынғыдай ықпалы жоқ екенін айтқан еді. Дегенмен, кеше Назарбаев кеңсесін ұстауға бюджеттен 4 млрд теңгеге жуық қаржы сұралды. Одан алдын Қаржы министрлігінің басшылары бас кеңсені қаржыландыруды біртіндеп азайтататын мәлімдеген.

Ал 10 маусым күні Нұрсұлтан Назарбаевтың кезінде өз командасында болған Бердібек Сапарбаевтың қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдағаны хабарланған.

Назарбаев сол күннің ертесінде Абай облысындағы өрттен қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасына көңіл білдіргені жарияланды.

Бір қызығы жүрегіне жасалған процедураға дейін Назарбаев Айт намазы немесе Жұма намазы кезінде мешіттен бой көрсетіп қалатын. Ал таяуда, 28 маусым күнгі Құрбан айтында ол көрінбек тұрмақ, көпшілікті айтпен құттықтамады да. Ал Астананы өзінің жеке туындысы немесе перзентіндей көретін Назарбаев кеше, 4 шілдеде өткен “Астана форумында” да көрінбеді.

«ЛАЙЫҚТЫ ДА ӘДІЛЕТТІ БАҒА»

5 шілдедегі шара Астананың 25 жылдығына орай орайластырылған болатын. Осы мерейтойлық форумда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана салудағы еңбегін қысқаша атап өтті.

- Елорданы көшіру оңай болған жоқ. Қомақты жұмыс істелді. Бұл шешім өте күрделі кезеңде қабылданды. Ел экономикасы тоқырауда болды. Жұрт нарық қатынастарына толық бейімделмеген кез еді. Осындай қиын жағдайда Жоғарғы кеңес тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша астананы Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент экс-президенттің осы бастамасы жаңа ұлттық идеяға айналғанына назар аударып, Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне лайықты, әділетті баға беру керек екенін айтты.

Алайда форумға қатысушылардың ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі көрінбеді. "Форумға Назарбаев неге шақырылмаған?" деген журналистер сауалына Астана қаласы ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дәурен Бабамұратов "Назарбаевтың неге шақырылмағанын білмеймін" деп жауап берді.

Форумды салтанатты түрде ашып, Астана тарихын баяндаған қала әкімі Жеңіс Қасымбектің сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың аты-жөні тіпті, аталмаған да.

4 шілде күні Мемлекет басшысы бұрынғы президентке қатысты жаңа заңға қол қойды. Заңда Назарбаевты өз атындағы оқу орындары қамқоршылық кеңесінің басшысы мәртебесінен айыру қарастырылған.

Назарбаев президент болып тұрғанда бұл күн - Астана күні әрі туған күн ретінде республикадағы елеулі мереке ретінде аталып өтіліп, онытөңірегіндегілер ұдайы дәріптейтін. Ол биліктен кеткенде қала «Нұр-Сұлтан» атауымен алмастырылып, былтыр күзде қайтадан «Астана» атауына ие болды. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың кейбір туыстары ұсталап, сотталып кетті. Қаншасының мәселесі әлі қарастырылып жатыр. Содан беріде экс-президент ел назарына көп көрінбейді. Оған қатысты даулы мәселелер жиі айтылып, оның әулетіне тиесілі активтерді қайтару қолға алына бастаған.

Дана Нұрмұханбет

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер