Алматы ғылым қаласына айнала ала ма?

543
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласы әкімдігі мен ҚР ҰҒА бірлескен жобалар әзірлемек. Қала әкімі Ерболат Досаев бұл бастаманы көтеріп, қала ғылымына серпін беруді көздеген. Жуырда ҚР ҰҒА Басқарма басшысы Күнсұлу Закарья мен отандық ғалымдар Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың қабылдауында болып, баламасыз ғылыми жобаларды таныстырды.

«Алматы – іскерлік, экономикалық, мәдени өмірдің орталығы және қарқынды дамып келе жатқан қала екенін бәріміз білеміз. Оның бір дәлелі кешегі жазық дала бүгінде үлкен қалаға айналды. Осы жерде бір ескеретін жәйт қала инфроқұрылымын дамыту жолында тұрғындарға қиындық болып тиетін өзекті мәселелер аяққа оралмас үшін, әрбір жасалынған дүние тікелей ғылыммен зерделеніп барып жүзеге асуы  қажет» деген ҚР ҰҒА Президенті Күнсұлу Закарья алдағы уақытта ғылым ел ішіндегі өзекті мәселелердің шешілуінде ерекше маңызға ие болатынын жеткізді.

«2023 жылы 117 млрд. кВт/сағ электр энергиясын өндірсе, ал тұтыну көлемі  123 млрд. кВт/сағ  құрайды.   Сонда  электр   энергиясының    дифициті 6 млрд. кВт/сағ құрап отыр.

- 2020 жылы елдегі су ресурсы 94 км3 құраған,  оның 40%-ы шет елдерден келеді. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше 2030 жылы су ресурстарының дефициті 23,2 км3 құрауы мүмкін.

- Қазақстан 2021  жылы  ауаның ластануы  деңгейі  бойынша  әлемде  32-орында. Ауаның ластану деңгейі 21,9 мг/м3» деп нақты мысалдар келтірген ҚР ҰҒА Президенті оның шешімін де қатар айтып өтті.

«Осындай мәселелерді шешуде біздің ғалымдардың көмегі ауадай қажет:

- Электр тоғын үнемдейтін құрылғыларды немесе жаңа электр тоқтарын алу көздері технологияларын жасау;

- Су ресурстарын үнемдейтін технологиялар ойлап табу немесе ластанған өндірістік суларды тазалап, қайта пайдалануға жарату әдістерін табу;

- Экологияны, ауа бассейнінің ластануын тежейтін заттар немесе әдістер ойлап табу;

Осыған орай Ерболат Асқарбекұлы, өзіңіздің бізге айтқан ұсынысыңызды ескере отырып бүгінде Ұлттық ғылым академиясының қызметкерлері қала деңгейіндегі түйткілді мәселелерді шешеуге бағытталған дайын жобаларды саралап, жинастырды» деді академия басшысы.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының Ғылым департаменті елуге тарта жобамен жеке-жеке танысып, Алматы қаласының дамуына тікелей әсер ететін  жобаны қала әкіміне ұсынды. Ерболат Асқарбекұлы әр жобамен жіті танысып, олардың ішінен экономикалық әрі әлеуметтік тұрғыда тиімді бірнеше жобаны кезек күттірмей қолдауға дайын екенін білдірді.

P.S: Алматы қаласы әкімдігінің бұл бастамасы талай игі істің басы деп білеміз. Отандық ғалымдарды қолдау арқылы қазақ ғылымына серпін беретінімізді өзге өңір басшылары да терең түсетініне бек сенімдіміз.

Пікірлер