1 миллиард теңге. Мемлекетке аса ірі көлемде залал келтіргендер сотталды

1458
Adyrna.kz Telegram

Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы мен кәсіпкер тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды “Адырна” Қазинформға сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау саласында қылмысқа жол бергендердің бірі алаяқтыққа көмектескені үшін, екіншісі – тікелей аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін сотталған.

Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, айыпталушылар арасында Бурабай ауданындағы денсаулық сақтау нысандарын сенімгерлік басқаруға беру туралы шарт жасалған.
Ортақ шартқа сәйкес серіктестік стандарттар мен техникалық шарттарға, сапа көрсеткіштеріне, сондай-ақ дәрілік заттар мен препараттар, медициналық мақсаттағы бұйымдарды, фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидалары мен Кодекстің талаптарына сәйкес келетін жаңа әрі бұрын қолданыста болмаған медициналық техниканы сатып алуға міндеттелген.
Алайда екі тарап 1 миллиард теңгеден астам қаражатты иемденіп, талапқа сай емес медициналық құрал-жабдықтарды жеткізіп, соның салдарынан мемлекетке аса ірі көлемде залал келтіргені белгілі болды.

«Сот жаза тағайындау кезінде жауаптылықты ауырлататын мән-жайларды назарға алды: К. және И. лауазымды адамдар бола отырып, ант ішіп, қызметтік бабын пайдаланып, қылмыс жасап, материалдық залалды өтемеген. Сот үкімімен К. мен И. өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, әрқайсысына 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, К.-ның мүлкі – автокөлік тәркіленді», - деп толықтырды ведомстводан.

Толықтырып өтейік, өткен жылы бұл іс бойынша айыпталушылардың бірі, Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы басқа іс бойынша сотталған еді. Содан кейін елде жарияланған төтенше жағдай кезінде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін оған және ЖШС директорына сегіз жылға бас бостандығынан айыру және 86,8 миллион теңге материалдық шығынды өтеу тағайындалды.

Пікірлер