Белгілі ғалым Әбдеш Төлеубаев өмірден озды

2351
Adyrna.kz Telegram

Отандық ғылымның дамуына ұшан-теңіз үлес қосқан белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбдеш Төлеубаев өмірден озды. Қаралы хабарды ғалымның өзі қызмет еткен ордасы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, тарих факультетінің ұжымы жеткізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

-  2023 жылдың 10 шілдесінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, белгілі ғалым, танымал археолог, этнолог, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы бірінші сыйлықтың лауреаты, ҚР БҒМ «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» төс белгісінің иегері, ҚР Өнер академиясының академигі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үздік оқытушысы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Төлеубаев Әбдеш Ташкенұлы өмірден озды...
Ғалым өз өмірін қазақтардың ежелгі нанымдары мен салт-дәстүрлерінің жәдігерлері, дәстүрлі дүниетаным, этнографиялық дінтану, этнография және қазақ диаспорасының тарихы, сонымен қатар, Шығыс Қазақстанның қола дәуірінің ескерткіштерін зерттеу, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның ерте темір дәуірінің археологиялық ескерткіштерін зерттеу, мемлекеттіліктің генезисі мен шығу тегі; сақ қоғамының әлеуметтік стратификациясы, элиталық қорғандар проблемасы; үйсін мәдениетінің таралу аймағы және т. б. зерттеулерге арнаған.
Ә.Т. Төлеубаевтың соңғы жылдары ғылымға қосқан ерекше бір үлесі – Шілікті «Алтын адамының» киімін, бүкіл салтанатын қалпына келтіруі еді. Ғалым көптеген ғылыми жобаларды басқарды. Әбдеш Тәшкенұлы отандық ғылымның өзекті мәселелеріне батыл көзқарасын танытқан ғалым. Аяулы ұстаз, құрметті ғалым Әбдеш Тәшкенұлының жарқын бейнесі мәңгі жүрегімізде сақталады. Әбдеш Тәшкенұлының отбасы мен туған туыстарына қайғырып көңіл айтамыз, - деп жазды әріптестері.

Әбдеш Төлеубаев елімізде көптеген археологтар мен этнолог мамандарды тәрбиелеп шығарып, археология саласы бойынша ғылыми мектеп ашқан еліміз ғана емес бүкіл әлемге танымал ғалым-археолог.

Қазақстан археологиясы және қазақ халқының этнографиясы бойынша 8 монография, Қазақстан тарихынан орта мектепке арналған үш оқулық, 200 ден аса ғылыми мақала авторы. Ол Тарбағатайдың терістік бөктерінде орналасқан аудандардың аумағынан, Қалба, Шыңғыстау өңірлерінен қола, ерте темір дәуірінің бұрын белгісіз 400-ден астам археологиялық кешенін ашты, оның 60-тан астамын қазып зерттеді. Нәтижесінде осы аймақтарда да Беғазы-Дәндібай мәдениеті, Үйсін мәдениеті жәдігерлері бар екендігі, бұл өңірлердің басқа археологиялық аймақтармен мәдени байланысы, мәдени-этнографиялық ерекшеліктері анықталды. Төлеубаевтың соңғы кездегі археологиялық зерттеулерінің ірі жетістігі - Шілікті жазығынан алтын киімді сақ патшасының мүрдесін ашуы, Үйіктің ерекше көлемі мен зәулімділігі, күрделі архитектурасы, одан шыққан бай алтын қаптырмалар, түймешіктер, зерлер (барлығы 4325 дана) сақ билеушісінің ерекше салтанатын көрсетеді.

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер