Жылу маусымының жыры. Тоқаев Астанадағы жылу маусымына жауаптыларды сынға алды

1550
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңесте Астана қаласы инфорақұрылымын жетілдіруді сөз етіп, қаланың өткен жылу маусымына дайын болмағанын айтты. Сонымен қатар шенеуніктердің өз ісіне жауапкершілікпен қарамайтынын сынға алды. Инженерлік инфрақұрылымдарда кәсіби мамандардың емес, мүлдем басқа мамандық өкілдерінің басшылық етіп отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңесте бірқатар мәселелерді атап айтты:

- Бірінші мәселе. Астананы жылумен қамтамасыз ету жүйесі орнықты болуы қажет. Елордадағы негізгі өзекті мәселелер қаланың дамуына қатысты тиісті жоспардың, яғни дұрыс жоспарлау жұмысының жоқтығынан туындап отыр. Мұны ашық айтуымыз керек. Бақылаусыз жүргізіліп жатқан құрылыс, сападан гөрі санға мән беру және жан-жақты ойластырылмаған шешімдер қаладағы өмірлік маңызы бар инфрақұрылымның тапшылығына алып келді.

Жағдайдың соншалықты мүшкіл болуына жауапты басшылардың біліксіздігі немесе бас пайдасын ойлағандығы себеп болды. Қала басшылығы құрылыс компанияларының пайдасын емес, мемлекет пен азаматтардың мүддесін бәрінен биік қоюға тиіс», - деді Тоқаев.

Сонымен қатар өткен жылу маусымындағы қала жағдайының қандай болғанын еске салып өтті:

"Өткен жылыту маусымында елордада айтарлықтай қиындықтар болды.  Қыс - жылу қуатының тапшылығымен өтті. Жергілікті билік миллиондаған шаршы метр тұрғын үйдің құрылысын жалғастырып жатыр,  алайда олар қалыпты жылумен қамтамасыз ету жүйесіне толық дайын емес. Қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамыту көбінесе коммуналдық кәсіпорындарды басқаратын шенеуніктердің кәсібилігіне байланысты.

Жеңіс Махмұдұлы, жыл басында сізге қалалық коммуналдық кәсіпорындардың басшылық құрамына талдау жүргізу тапсырылды. Бұл тапсырма, менің түсінуімше, әлі де орындалу сатысында. Елордада ЖЭО–ны заңгер, РЭК-ті – бағалаушы, жылу транзитін – агроном, қалалық су арнасын - зоотехник басқарады.

Әркім өз кәсібіне сай қызметпен айналысуы керек екеніне терең сенімдімін, - деді Президент.

Тоқаев жиын барысында жылу электр орталықтарын қайта жаңарту мен пайдалануға беру мәселесін қарастырды. Техника мен мамандардың жетіспейтіндігін ашық айтты.

Астана еліміздің ілгерілеуінің локомотиві болып табылады, сондықтан тұрақтылық пен орнықты дамудың үлгісі болуға тиіс. Жалпы, Үкімет барлық өңірлерде жылыту маусымына дайындықты бақылауда ұстауы керек. Екібастұздағыдай 30 градус аязда тұрғындардың жылусыз қалған жағдайларын тағы қайталауға жол бермеу керек, - деді мемлекет басшысы.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер