"Алматы әуежайын басып алу" ісі бойынша үкім шықты

1330
Adyrna.kz Telegram
11 шілде күні Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қаңтар оқиғасы кезінде қалалық әуежайды басып алу ісі бойынша үкім шығарды. Сот шешімімен бес айыпталушы бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сот айыпталушыларды кінәлі деп танып, оларға мынадай үкім кесті.
  • Журналист Әйгерім Тілеужанова – 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
  • Қалас Нұрпейісов – 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
  • Нұрлан Дәлібаев – 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
  • Ермұхамет Шилібаев – 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
  • Жанайдар Кәрменов – 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Тілеужановаға жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген (Қылмыстық кодекстің 272-бабы 1-бөлігі) айып тағылды. Нұрпейісовке жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды (ҚК 272-бабының 1-бөлігі), автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу (ҚК 200-бабының 2-бөлігі, 3-тармағы), тонау (ҚК 191-бабының 1-бөлігі), ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу (ҚК 269-бабының 3-бөлігі) баптары бойынша айып тағылды.

Дәлібаев, Шилібаев және Кәрменов жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты (ҚК 272-бабының 2-бөлігі) және ауыр зардаптарға әкеп соққан ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасады, оларды басып алды (ҚК 269-бабы 3-бөлігі) деп айыпталды. Сонымен қатар, Дәлібаевқа көлікті ұрлау мақсатынсыз иемденді (ҚК 200-бабы 2-бөлігі 3-тармағы) деген айып тағылды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер