"Қиянатты кешірмеймін". Президент ондаған шенеунікті қызметінен алды

2231
Adyrna.kz Telegram

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев 11 шілде күні өткен инвестиция тарту жөніндегі кеңесте 12 хоким мен 5 шенеунікті қызметінен алды. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Шерзод Асадов айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Науаи мен Янгиюль қаласының хокимдері, Әмудария, Қорғантепе, Бұхара, Миришкор, Шырақшы, Хатыршы, Пайарық, Ақалтын, Гүлістан және Аққорған аудандарының хокимдері өз лауазымын босатты. Бас прокуратура мен Есеп палатасына осы әкімдердің қызметін зерделеп, заңның үстемдігін қамтамасыз ету тапсырылды»,—деді ол.

Бұл шешімге лауазымды тұлғалардың шетелдік инвестицияны дұрыс тарта алмауы себеп болған.

Асадовтың айтуынша, жиын барысында инвестиция тартудағы кемшіліктерге байланысты автожол комитетінің төрағасы Абдурахмон Абдуәлиев, «Узбекистон темир йуллари» компаниясының басшысы Хуснитдин Хосилов, «Узсувтаъминот»компаниясының басшысы Сахиб Саифназаров, Су шаруашылығы мен көлік министрінің орынбасарлары Бахтияр Камалов пен Абдусамат Муминов те қызметтерінен алынған.

Президенттің баспасөз қызметі таратқан видеолардың бірінде, Мирзиеев олардың қызметтен алынуына "қиянат қылғаны" себеп болғаны жайлы айтқан.

"Мен жұмыста қателік жасаған адамды кешіремін, бірақ қиянат қылған адамды ешқашан кешірмеймін",- деген Мирзиеев. Соңынан ол "қиянат қылғанға орын жоқ" деп нығыздай түскен.

Еске сала кетейік, бұған дейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің бұған дейінгі президенттік өкілеттігі нөлдестіріліп, жаңа қызмет мерзімі ұзартылғанын жазған едік. Ол жексенбі күні өткен президент сайлауында сайлаушылардың 80,1% дауысын жинап, жеңіске жетті. Енді ол 7 жылдық екі мерзіммен  елді 2037 жылға дейін басқара алады.

Пікірлер