Невский шіркеуінің ауласындағы тұғырға Невскийдің ескерткіші қойылды

6295
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Алматы қаласындағы Александр Невский шіркеуінің ауласына Александр Невскийдің ескерткіші қойылды, деп хабарлайды Adyrna.kz ақпараттық порталы.

Александр Невскийдің ескерткіші бүгін сағат 11-00 шамасында арнайы жүк көлігімен шіркеу ауласына жеткізілді. Қазір алдын-ала дайындалған тұғыртасқа ескерткішті орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Біздің тілшілер сол маңда жүрген діни киімдегі, аты-жөнін атаудан бас тартқан азаматқа бірқатар сұрақтарын қойған еді.

- Президент қол қойды. Әкімшілік аула сыртына қоюға рұқсат етпегенімен, ішіне қоюға рұқсат берді. Бұл жер жекеменшіктегі аумақ саналады. Енді міне, әулие Александр Невскийге ескерткіш қойып жатырмыз.

- Ескерткіштің ашылу салтанаты қашан өтеді?

- Ертең, 12-00-де.

- Ескерткіштің демеушілері бар ма? Кім қаржыландырды?

- Қаржы шіркеуге ғибадат етуге келушілерден жиналды. Көптің садақаға берген ақшасының басын қосып, әулие Невскийге ескерткіш орнатуды шештік. Кім қанша ақша бере алады, соны алдық. Ешкімді қинаған жоқпыз. Александр Невский — әулие адам, ол монах. Біз оны батыр деп емес, қасиетті әулие адам ретінде танимыз.

Шіркеу қызметкері тілшіміздің басқа сұрақтарына жауап беруден бас тартты.

Бұған дейін, аталған шіркеудің ресми таратқан ақпараттарында ескерткіш Ресей Федерациясы президентінің көмекшісі, бұрынғы мәдениет министрі, профессор В. Мединскийдің бастамасымен және қаржылай көмек көрсетуімен жасалып жатқаны айтылған болатын. Ескерткіш авторы Ресей суретшілер академиясының академигі, Ресейдің Халық суретшісі, профессор С. Щербаков екені белгілі болған.

Ертең, 13 шілде күні көптің наразылығына қарамастан, шіркеу ауласында Александр Невскийдің ескерткіші ашылады. Ашылу салтанатына Астана және Қазақстанның митрополиті Александр қатысады деп күтілуде.

Бұдан алдын тарихшы Нұрлан Атығаев БАҚ-қа берген сұхбатында мына жайды айтқан болатын.

"2021 - 2022 жылдары Орыстың православ шіркеуі Алматы әкімдігіне қаланың қоғамдық аумағына биіктігі 5 метрлік Александр Невскийдің ескерткішін орнату бастамасымен жүгінген болатын.  Заң талаптарына сәйкес, Алматы қаласының тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия бұл мәселені бірнеше рет қарады. Ол отырыстарға комиссия мүшесі болғандықтан мен де қатысқанмын. Православ шіркеуі өкілдерінің Александр Невскийге арнап ескерткіш орнату жөніндегі өтініші үш рет кері қайтарылғаны нақты есімде. Соңғы рет комиссия осы жылдың мамыр айында ескерткішті орнатудан бас тартқан еді. Осы орайда, менің өзім де, әріптестерім де ұсынылған ескерткіштің Алматының сондай-ақ жалпы Қазақстанның тарихына қатысы жоқ екенін атап айтқанбыз. Бұған қоса, қала аумағында ескерткіштерді орнатуға арналған бос жер учаскелері жоқ десек те болады. Сондықтан Қазақстанның кейбір тарихи тұлғаларына, мысалы, қазақ хандарына, батырларына және т.б. ескерткіштер әлі орнатылған жоқ. Тіпті ескерткіш қою туралы Үкімет қаулылары шыққан тұлғалар да бар. Алайда, қаражат пен жер учаскелерінің болмауына байланысты оларға ескерткіштер әлі орнатылмады. Невскийдің ескерткішіне қатысты әріптестерімнің тарапынан өзге де бірқатар ескертпе айтылды. Ескерткіштің пропорциясы бойынша да ескертпелер болғаны есімде. Осындай себептердің негізінде де ұсыныс қабылданбады,"- дейді тарихшы.

Нұрлан Атығаев бұған қоса былай толықтыра кетті.

"Менің білуімше, оларға іс жүзінде ешқандай рұқсат берілген жоқ. Қазақстанның православ шіркеуі ескерткішті өзінің аумағында, яғни шіркеу ауласында орнатуға шешім қабылдаған. Әлбетте, мұндай жағдайда ресми рұқсат берілмейді әрі ескерткіш орнату мәселесі де біздің комиссияның құзыретіне кірмейді. Жалпы бұл – кең таралған тәжірибе,"- дейді тарихшы Нұрлан Атығаев.

 

Қанат Бірлікұлы

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

Пікірлер