Ермек Нарымбаевтың жазасы жеңілдетілді

1635
Adyrna.kz Telegram

Ұлтаралық араздықты қоздырды деп айыпталған Ермек Нарымбаевтың жазасы жеңілдетілді, - деп хабарлайды "Адырна" тілшісі Қонаев сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сот Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі («Ұлтаралық араздықты қоздыру») бойынша колонияда жазасын өтеп жатқан сотталушы Нарымбаевтың жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру туралы өтінішін қарады.

Айтуларынша, прокурор сотталушының өтінішін қанағаттандыруды сұраған.

"Мерзімінен бұрын босап, 11 айға жуық пробациялық бақылауда болатын болды. Біз айыппұл төлеп шығаруды сұрадық. Бірақ прокурор пробациялық бақылау қажет екенін айтты. Судья прокурормен келісіп, қатаң шектеумен шығаруға келісті. Баспасөз маслихаты, митинг пен шеру сияқты қоғамдық істерге қатысуға тыйым салды" - деді адвокат Жанар Балғабаева.

Адвокаттың сөзінше, прокуратура қарсылық білдірмесе, 15 тәуліктен кейін Ермек Нарымбаев түрмеден шығуға тиіс.

Сот үкімімен Ермек Нарымбаевқа материалдық залал жоқ екені, ол өндірілген 6 729 теңге көлеміндегі процессуалдық шығындарды ерікті түрде өтегені атап өтілді.

«Сотталған Н.-ға қатысты сот шешімімен бас бостандығынан айыру жазасының шешім заңды күшіне енгеннен кейін 11 ай 8 күн өткен соң өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеу түріндегі жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстырылды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ», - деп хабарлады Ермек Нармыбаевтың өтінішхаты қаралған Қонаев сотының баспасөз қызметінен.

Еске салайық, 2022 жылдың ақпанында ұлтаралық араздық тудырғаны үшін сотталған Ермек Нарымбаев Алматы әуежайында ұсталған болатын. Оны Киевтен келген соң Алматы халықаралық әуежайында жол полициясы қамауға алды. Бұған дейін ол іздеуде болған.

Нарымбаев сот үкімі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабы «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру» бойынша бас бостандығынан айыру жазасын қолданумен айыпталған болатын.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер