17 жастағы балаларды әскери есепке қою автоматты түрде жүргізілмек

1790
Adyrna.kz Telegram

2024 жылдың бірінші қаңтарынан бастап 17 жастағы балаларды әскери есепке қою автоматты түрде жүргізіледі. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Министрлік Президенттің «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралары туралы» Жарлығының ережелерін дәйекті түрде іске асырады. Бастаманы Премьер-Министр, мүдделі мемлекеттік органдар, Астана, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың әкімдіктері қолдады. Оны іске асыру мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін модификациялау мен ықпалдастырудың арқасында мүмкін болды. Бұл еліміздің 16-60 жас аралығындағы азаматтарын әскери есепке алудың толық қамтылып жүргізілуіне мүмкіндік берді»,—делінген хабарламада.

Қолданыстағы заңға сәйкес жыл сайын он жеті жасқа толатын ер азаматтарды тіркеу жүргізіледі. Басқарманың айтуынша, мұндай процедура әскери қызметке жарамдылық деңгейін анықтай алады.

«Жыл сайын 120 мыңға жуық 17 жасар бала әскери есепке алынады. Қызметті автоматтандыру шақыру учаскелеріне тіркеуді ұйымдастыру және жүргізу үшін жергілікті атқарушы органдарға жыл сайын бөлінетін миллиард теңгеден аса бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал үнемделген қаражат медициналық комиссия мүшелеріне еңбекақы төлеу, шалғайдағы ауылдық округтерден жастарды әскери комиссариаттарға алдыру, кеңсе тауарлары және т. б. қызметтерге жұмсалатын болады»,—деп толықтырды министрлік.

Пікірлер