Пантеоннан кейін зират мәдениеті туралы айтыла бастады

2029
Adyrna.kz Telegram

Әлеуметтік желіде «Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасы бұдан былай бейіт басына зәулім сарай салып, марқұм үшін үлкен жерді алуға тыйым салмақ» деген хабарлама тарады. «Адырна» тілшісі ақпараттың рас-өтірігін ҚМДБ-ның баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлынан сұрады.

«Мүфтият атынан қайшылықты мәлімет тарады. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы бұндай ұсыныс тастамады. Бұл жергілікті әкімдік жанындағы дін істері басқармасы тарапынан айтылса керек»,—деді ол.

ҚМДБ жанындағы «Қамқор-шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы көпшіліктің сұранысы негізінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қабыр басында ысырап пен бәсекелестікті тоқтатып, зират көтеруде жалпыға ортақ бірізділік мәдениетін қалыптастыру жөнінде бастама көтергенін атап өтті.

«Оған сәйкес Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының ғұламалар кеңесі зират және зират мәдениеті туралы концептуалды құжат қабылдаған. Аталған құжатқа сай қабірге жерленген кісінің кім екендігін айқындау мақсатында және жүргіншілер тарапынан тапталып, аяқ асты болмауы үшін оған шағын белгі қоюға рұқсат етіледі. Құлпытас биіктігі 1 метр, ені 50 сантиметрден аспауға тиіс. Құлпытасқа марқұмның аты-жөні, туған жылы мен қайтыс болған уақыты жазылса жеткілікті. Марқұмның суретін қоюға рұқсат етілмейді»,—деді басшы.

Дінтанушы Досай Кенжетайдың айтуынша, әкімдіктегі басқарманың істің ритуалды бөлігіне араласуы дұрыс емес.

«Зайырлылық ұстанымы тұрғысынан алып қарасақ та бұл дұрыс емес. Ұсынысты бас мүфти бергені жөн. Жер мәселесі болса да пәтуаны бас мүфти айтады. Ал билік араласпауы тиіс, яғни сыртта тұрғаны абзал»,—деп пікір білдірді маман.

Бұған дейін елорда билігі ұлттық пантеондағы жерлеу орындарының тапшылығын мәлімдеген еді. Басқарманың айтуынша, елдің көрнекті тұлғаларына арналған зираттың өзі бастапқыда 25 орынға арналған. Қазіргі таңда оның төртеуі ғана бос қалған.

Пікірлер