СЕРІК ӘБІКЕНҰЛЫ: “Қазақ тілі” қоғамына жаңа басшы тағайындалыпты. Басшы ауысқаннан қоғам жағдайы оңалып кете ме?

1299
Adyrna.kz Telegram
“Қазақ тілі” қоғамына жаңа басшы тағайындалыпты, құтты болсын дейміз. Ендігі мәселе басшы ауысқаннан қоғам жағдайы оңалып кете ме? Әбдуали Қайдар, Өмірзақ Айтбайұлы секілді тау тұлғалар басқарған кезде бұл қоғамының азуы алты қарыс еді, тіл үшін толассыз майдандасып, әр сөз үшін өрелі талдау жасап, терминдердің аудармасын талдап тыным таппай қызмет етті. Кабинеттеріне барсаң тау болып үйілген қағаздан бастарын әзер көтеретін. Ол кезде ұйымның өңірлердегі өкілдері де өткір болатын.
Сол азаматтардың есіл еңбегі еш болып, министр Райымқұлованың тұсында осылан 3000-нан аса термин таз қалпына түскенде : “Әнұран” несімен жақпады, Библияны енді Библия дейміз дегені қай сасқаны?! - деп шырқырап едік. Бұл салада: Тәйт ары! - деп Тіл комитетін ықтыра алатын ірі тұлға қалмағанына қарап түңілдік. Қазіргі қоғам - шалажансар.
Аты бар, ал ауқымды шара ұйымдастырып әлеуетін көтеруге қолы қысқа. Жер-жерде бөлім ашып, өкіл сайлағанымен олардың жұмысына жеті тиын ақы төлеп, шарасын қаржыландыра алмайды. Содан барып әлдебір жиындарда “анабір басқарма әлде бөлім және “Қазақ тілі” қоғамының ұйымдастыруымен” дегендей қосалқы болып жүреді. Қоғамның тірі екенін білдіргісі келетін бұл амалдар абырой әкелмейді. Рауан ініміз осы мәселелерді шеше алса, жарағаны. Жас қой, ана қоғамды басқарған деген атақ үшін ғана келмеген болар?! Президент бұл ұйым жайлы жылы пікір білдіріп, жансақтау бөлімінен шығарайық дегендей ой айтқалы біраз болды, “Қазақ тіліне” басқа емес, сол кісі сүйенгендер селсоқ қарап отыр.
Байқасаңыздар, “халықаралық” демедім, қазақ тілінің Қазақстандағы жағдайын түзеп алайықшы, басқа халықтардың арасын да, көзқарасын да кейін білерміз…

 

Пікірлер