Бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен. Жол апатына кінәлі анықталды

1730
Adyrna.kz Telegram

Алматыда 2022 жылдың 8 қарашасында Абылай хан мен Төле би көшелерінің қиылысында екі автобус соғысып, адам шығынына әкелген еді. Жол апатына №98 автобус жүргізушісі кінәлі деп танылды, деп хабарлайды “Адырна”.

Алмалы аудандық сотының баспасөз мәлімдемесінде:

«Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі (жәбірленушінің өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу) бойынша сотқа жіберілген А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сот сотталушы А.-ны Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы және қосымша 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түрінде жаза тағайындады», - делінген.

Автобус жүргізушісі кінәсін мойындамай, ақталуды сұрады. Сот асырауында үш кішкентай баланың болуына байланысты жазаны жеңілдету туралы шешім қабылдаған.

«Ш. және К.-ның пайдасына моральдық шығын ретінде әрқайсысы 2 миллион теңге, Ш.-ның пайдасына 323 885 теңге материалдық шығын өндірілді», - деп хабарлады сот.

Бұл жол апаты өткен жылдың 8 қарашасында Абылай хан мен Төле би көшелерінің қиылысында болған еді.  №98 және №201 автобустар соқтығысқан. Сот анықтағандай,№98 автобустың жүргізушісі Абылай хан көшесінің бойымен оңтүстік бағытта келе жатып, жол қозғалысы ережелерін елемей, бағдаршамның тыйым салынған қызыл түсіне өтіп кетіп, №201 автобуспен соқтығысқан.

Пікірлер