Прокаттың қисыны. “Қазақша киноны прайм таймға қойса, мәселе шешіледі”

1764
Adyrna.kz Telegram

Соңғы күндері әлеуметтік желіде кино театрлардағы фильмдердің қазақ тілінде көрсетілмейтіні қайта назарға алынды. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да, фильмдердің 95-98 пайызы орыс тілінде көрсетілуі қаншалықты орынды? Тап осы сұрақ Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловқа қойылды. Министр не деп жауап берді? Тіл жанашырының ойы қандай?

«ЖЫЛ САЙЫН 15 ФИЛЬМ ҚАЗАҚШАЛАНАДЫ»

Асқар Ораловтың айтуынша, Мәдениет және спорт министрлігінің 7 жылдық даму жоспары бекітілген.
«Былтыр 3-4 фильмнің дубляжы жасалған болатын. Бірақ біз тұжырымдамаға басқа көрсеткіштерді енгіздік. Енді жыл сайын дубляжданатын фильмдердің саны үш есеге көтеретін боламыз. Яғни жыл сайын 15 фильм ұсынылады, - деді ведомство басшысы.
Биыл 15 фильмді дыбыстау жоспарда бар. Алайда министр тұжырымдаманың бекітілгеніне екі ай ғана болғанын алға тартты.
Қазіргі таңда конкурстық рәсімдеу жұмыстары өткізіледі. Біз 5 жылдың ішінде 75 киноның дубляжын өткіземіз деп жоспар құрдық. Бұрын мұндай көрсеткіш болған жоқ. Келесі жылдан бастап ең мықты деген фильмнің дубляжы ұйымдастырылады, - деді Асхат Оралов.

«ҮКІМЕТ ӘР БИЛЕТКЕ СУБСИДИЯ БЕРУ КЕРЕК»

Фильмдерді қазақ тіліне дубляждау мәселесін көтеріп жүрген азаматтардың бірі —журналист Жалғас Ертай. Ол министрдің жыл сайын 15 фильмді қазақ тіліне аударамыз» деген сөзін өте маңызды шешім екенін айтады.

– Өзге тілдегі фильмді қазақ тіліне дубляждау қиын шаруа ма? Парламент кино театрларды  міндеттейтін заң неге шығармайды?

– Менің ойымша, бізде кинопракатшылардың лоббиі бар. Себебі олар «Егер біз фильмді қазақ тілінде қойсақ, кино театрларға ешкім келмей қояды. Әрі фильмді қазақ тіліне аударуға көп қаржы кетеді» дейді. Қазақша дубляж жасауға байланысты заң жобасы талқыланғанда олар «Бизнесімізге кері әсер етеді» деп қарсы тұрды. Кинопракатшылардың ұстанымын «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы қолдап, ақыры заңды қабылдатпай тастады.

– Кезінде «Кино театрға қазақша дубляжды міндеттеуге отбасы мүшелері кедергі келтірді» деген әңгіме айтылды. Өйткені кинопракаттың артында солар тұрған көрінеді. Қаңтардан кейін Назарбаев әулетінің позициясы әлсіреп, билік «Жаңа Қазақстан» құратынын айтты. Соңғы өзгерістен кейін Парламент дубляжды міндеттеуге байланысты заңды қабылдай ала ма?

– Негізі дубляжға байланысты заң қабылдау аса қиын емес. Бірақ жоғарыда айтқан лобби бұл заңның қабылдануына қарсы, ал қабылана қалған жағдайда оның орындалуына кедергі келтіреді. Негізі популистік идеяларды айтып, заңды қабылдай салу аса қиын шаруа емес. Әйтсе де одан кейін ол заңның өмір сүруі, нақтырақ айтсақ қалай орындалатынына барлық мәселе байланысты.

– Дубляж жасау кинопракатшыларға ауыр болса, мүмкін Үкімет тарапынан 50 пайыз субсидия беру керек шығар?

– Жеке өз басым Үкімет тарапынан дубляж жасаушыларға көмек берілуі керек деп санаймын. Бірақ мен бұл саланың маманы емеспін. Біздің үкімет бизнеске мүмкіндік беріп, арнайы жол картасын сызып беруі керек. Кино дубляж туралы заң қабылдап, 2030 жылға дейін Қазақстандағы киноның 100 пайызы қазақша дубляждануы керек деген мақсат қою қажет. Және сол мақсатқа саты, саты бойынша жетеміз деп аралық белгілерді бекітіп қою керек. Мысалы үшін «Біз 2025 жылға дейін Қазақстанда прокатқа шығатын фильмнің 50 пайызын, 2028 жылға дейін 80 пайыз, 2030 жылға дейін 100 пайыз  фильм қазақ тілінде көрсетілетін болады» деп алдына меже қою керек.
Бұл тапсырманы орындау үшін Үкімет белгілі бір деңгейде субсидия жасауға мәжбүр болады. Өйткені міндеттеу туралы заң қабылдағаннан кейін оны шешудің жолын қарастыру керек қой. Айталық әлемдік стандарттарға жауап беретін студияларға субсидия беру керек. Сәйкесінше фильмнің дубляждау құнын мемлекет өз мойнына алады, ал пракаттан түскен пайданы кино театр қожайындары алатын болып келісіледі. Осы секілді белгілі бір келісімге келуге болады деп ойлаймын. Бірақ біздің жағдайда ондай консенсусқа келу жағы талқыланып жатқан жоқ. Тек қана «Қазақ тілінде аудармаймыз. Орыс тілінде көрсетіле берсін. Қазақ тіліндегі 5 фильмді мемлекеттің есебінен жылына аударып береміз» деген сияқты ұстанымда отыр.Негізі Үкімет тарапынан дубляжды қолдауға бағытталған жолдар көп. Бірінші дубляж жасайтын студияларды қаржыландырса, екінші қазақша сеанстардың билетін арзандатуға болады. Мысалы орыс тіліндегі фильмдердің билет құны 2000 теңге болса, қазақ тіліндегі фильм 1700 теңгеден сатылса, онда қазақ тіліндегі киноны таңдаушылар көп болар еді.
Үшінші жолы өзіңіз айтқандай Үкімет дубляждың 50 пайызын төлеп, қалған бөлігін кино театр өз мойнына алса болар еді. Бұл енді Үкімет пен бизнестің арасындағы келісімге байланысты дүние. Бірақ ең идеал вариант билетті субсиялау деп санаймын. Себебі біздің қоғам үшін билеттің бағасы қатты рөл ойнайды. Себебі әлеуметтік жағдайымыз мәз емес.

– Кино театр қожайындары «Азаматтар қазақ тіліндегі фильмді көрмейді» деп айтады ғой. Егер үкімет дубляж жасауға субсиядия берсе, көрермен қазақ тіліндегі фильмді көруге келмей қоя ма?

– Бұл сұраққа жауап беру үшін арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Бұған байланысты дөп басып бірдеңе айта алмаймын. Бірақ қоғамда «Қазақ фильмдерінің сапасы нашар» деген стереотип бар екені рас. Әйтсе де мәселе сол стереотиппен күресте болып тұр ғой. Егер қазақ тіліндегі киноларды прайм таймға қойса, мәселе толықтай шешіледі деп ойлаймын. Бірақ бұрынғыға қарағанда жақсырақ болар еді деп есептеймін. Әйтсе де бұл бизнеске билік тарапынан қысым болып есептеледі. Сондықтан билік талап ету жағынан бас тартады. Бұл мәселені «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» шешуге тура келеді.

– Егер Үкімет дубляж жасауға субсидияберіп, кино театр басшыларымен келіссе, белсенді азаматтар «Қазақ тіліндегі фильмдерді көрейік» деп акция ұйымдастыру арқылы бұл мәселені шешуге болатын секілді...

– Иә, иә, мен де дәл осылай ойлаймын. Бұл жерде бизнестің ғана емес, қоғам өкілдерінің де жауапкершілігі зор. Қазір біз барлық жауапкершілікті кинопракатшылардың мойнына іліп тастаған секілдіміз. Егер фильм қазақ тіліне аударылатын болса, оны қолдаушылар көп болады. Бірақ біздің қазір көріп отырғанымыз қоғамдағы белсенділік те, мемлекеттің талабы да билікті қысуға бағытталған секілді. Негізі «қазақ тілінде аударылған фильмдерге баруға болады екен ғой» деген көзқарасты өзгертуге болады.
 

Серік Жолдасбай

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер