Универсиада - 2023: Қазақ қызы алғашқы алтынды қоржынға салды

2509
Adyrna.kz Telegram

Қытайдың Чэнду қаласында өтіп жатқан жазғы Универсиадада Қазақстан құрамасы алғашқы алтынды қанжығалады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Бүгін Универсидада 46 келі салмақта финалда таэквондошы Рита Бәкішева алтын қанжығалады. Қазақстандық спортшының қарсыласы 2022 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері болған қытайлық Тайпейден келген Хуань Инь Суань.

Еске сала кетейік, Өткен жылы Қазақ туризм және спорт академиясының (Алматы) студенті, 19 жастағы Бәкішева өткен жылы Азия чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізіп, Әлем чемпионатында жүлдеге бір қадам жетпей қалған еді. Осы жылғы байқауда қазақ қызы қарымта қайтарды.

Ал қазақстандық гимнаст Эльжана Таниева ел қоржынын тағы екі жүлдемен толықтырды. Спортшы лентамен жекелей сында тек Венгрия мен Украинадан келген қарсыластарынан ұтылып, "қола" иегері атанды. Ал доппен жекелей сында болгариялық гимнасттан басым түсіп, венгриялықтан жеңіліп, күміс жүлде жеңіп алды.

Дзюдошы Бекарыс Сәдуақас 2023 жылғы Универсиаданың қола жүлдегері атанды. 100 келі салмақта үшінші орын үшін өткен кездесуде Бекарыс француз Кенни Левезеден басым түсті.

Сондай-ақ Диана Тұрсынбек Универсиадада садақ атудан финалда өнер көрсетті. Шешуші кезеңде Диананың қарсыласы оңтүстіккореялық Чой Ми Сун болды. Нәтижесінде 6:2 есебімен Оңтүстік Корея спортшысы жеңіске жетті. Осылайша ол алтыннан алқа тағынса, қазақстандық спортшы күміс жүлдегер атанды.

Жалпы есеп бойынша Универсиадада Қазақстан құрамасы алтын медальдан бөлек, 5 күміс және 5 қола медаль иеленді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер