Ішкі туризмді дамыту мақсатында Алматының орталық және шет аумақтары гүлденеді

630
Adyrna.kz Telegram
inform.kz
inform.kz

Қаланың жаңа бас жоспарына сәйкес, Алматының орталығы ғана емес, шеткі аумағы да түрленуі тиіс. Құжат жайлы орта құрып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді. Қала моноорталық моделінен арылып, бес жаңа орталықтың үлгісімен дамиды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдыңғы бас жоспар осыдан 20 жылдан астам бұрын қабылданған. Ол кезде шаһардың аумағы 34 мыңға жуық гектар ғана болатын. Қазір 70 мың гектардан асып кетті, яғни жиырма жылда екі есе өсті. Халық санының 2 млн асқанына да біраз болды.

Бас жоспарды әзірлеушілердің болжамы бойынша 2030 жылға қарай Алматы халқының саны 2,5 млн, 2040 жылға қарай – 3 млн, 2050 жылға қарай – 3,6 млн адамға жетеді. Құжатты әзірлеуші Тамара Залогина қала халқы қоныстанушылар есебінен 60 пайызға, ал туу көрсеткіші есебінен 40 пайызға артып отырғанын жеткізді.

«Алматы бас жоспары» ғылыми-зерттеу институты бас директорының айтуынша, біріншіден жоспарлауда полиорталықтық көзқарас ұстанған.

«Бүгінгі таңда қала тарихи орталыққа тәуелді. Осыған байланысты бірқатар мәселелер туындағаны жасырын емес. Енді жоспарлау кезеңінде барлық қажетті тұрғын үй, әлеуметтік, инженерлік, көлік, цифрлық, коммерциялық және рекреациялық инфрақұрылым қарастырылады», - деді ол.

«Шығыс қақпа», «Солтүстік», «Оңтүстік», «Батыс», «Оңтүстік-Батыс» деп аталатын 5 бірдей орталық болады. Жаңа бас жоспарға сәйкес, 200-ге жуық мектеп, 65 емхана сияқты бірқатар медициналық нысан қайта жаңғыртылады. Су желілері жаңадан салынады. Сондай-ақ, қоғамдық көлікке қатысты өзгеріс көп. 2030 жылға дейін 45 шақырымдық жеңіл рельс, яғни ЛРТ желісі салынады. 10 жылдан соң оған тағы 76 шақырым қосылмақ. Жүрдек автобус пен метро желісі де ұзарады. Сонымен қатар, қалаға кіретін 4 магистральді жолды кеңейту қарастырылған. Басымдық электрмен және газбен жүретін көліктерге берілмек.

Айта кету керек, қаланың барлық сегіз ауданының тұрғындары мен сарапшылар бас жоспардың көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, инженерлік желілерді жаңғырту, сонымен қатар ауаның ластану мәселесін шешу жолдары мен экологиялық жағдайды жақсарту шараларын қамтитын бөлімдерін талқылады.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Алматы жұртышылығымен кездесу барысында экология мәселесі үнемі назарында екенін айтқан болатын.

Президенттің айтуынша, жыл сайын атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтың көлемі 125 мың тоннаға жуықтайды. Ауаны негізінен автокөліктер, қалалық жылу электр станциялары, өнеркәсіп кәсіпорындары және газ тартылмаған жер үйлер ластайды. Мегаполисте ауаның таза болуына тығыз әрі ретсіз салынған ғимараттар да кедергі келтіріп тұр.

Осы ретте Мемлекет басшысы әкімдікке өнеркәсіп кәсіпорындарының экологиялық қауіпсіздік нормаларын сақтауын қатаң қадағалауды тапсырып, ЖЭО-2 және ЖЭО-3 орталықтарын газға көшіру арқылы зиянды қалдықтарды он еседен астам төмендетуге болатынын айтты.

Мемлекет басышысы көтерген экологиялық мәселе бас жоспарды әзірлеушілердің ерекше назарында болды. Ауаға зиянды заттар шығарындыларын азайту үшін құрылыс жобасын жобалау кезінде желдену режимін ескеріп, ЖЭО-2 газға ауыстыру, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен жеке тұрғын үйлерге газ тарту жоспарға енген. Бұл үшін құрылыстың қаланың ауа бассейніне әсерін зерттеу кезінде математикалық модельдеуді қолдану, аэрацияны жақсарту үшін сәулет-қала құрылысы әдістерін әзірлеу ұсынылады.

«Үш бағытта ауа ағындарының мәжбүрлі қозғалысын құру бойынша міндеттер анықталды: көлденең, тік және таулы алқап, оларды жүзеге асыру үшін теориялық модельдер әзірленді және компьютерлік модельдеуге арналған 3D кескіндер жасалды. Компьютерлік модельдеуді талдау инновациялық ұсыныстардың тиімділігін көрсетті. Мақсат – Алматы қаласының экологиялық мәселелерін шешу, қоршаған ортаның сапасын жақсарту, аумақтардың қала құрылысының экологиялық жағдайын болжау және экологиялық бақылауды жүзеге асыру, оларды жақсарту әдісін әзірлеу», - деді «Алматы бас жоспары» ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Лейла Рахымжанова.

Айтуынша, Бернулли эффектісі негізінде қаладан 200-300 м биіктікте тұрақты инверсия қабаты пайда болады.

«Ол түтіннің таралуын болдырмайды, сонымен қатар зиянды заттардың бүкіл алауын жерге қайтаратын экран ретінде қызмет етеді. Осылайша, олардың түтін концентрациясын бірнеше есе арттырады, яғни сіз бен біз өте тығыз жабық қақпағы бар зиянды химиялық заттар бар ыдыста тұрамыз. Бернулли эффектісін пайдаланатын орталық ғимараттың арқасында құрылыс айналадағы ластанған ауаны тартып алады және көмірқышқыл газын шығарар алдында оттегіге айналдырады. Ол сондай-ақ аумақты қамтамасыз ету үшін қажетті энергияны өндіреді», - деді Лейла Рахымжанова.

Бас жоспардың негізгі мақсаты – Алматының барлық аудандарында жайлы қалалық орта құру және өмір сүру сапасын арттыру.

Еске салайық, Үкімет Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарын осы жылдың мамыр айында бекітті.

Пікірлер