Министр Қарағандыдағы балалардың "улы заттан уланғанын" айтты

1691
Adyrna.kz Telegram
8 тамызда өтіп жатқан үкімет отырысында Қарағанды ​​облысындағы балалардың жаппай улану жағдайы да сөз болды. Жиында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағандыдағы балалардың улы заттан қатты уланғанын айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Қазір Қарағанды облысының Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ауруханасына түскен 14 баланың жетеуі сауыққан. Олар ауруханадан шығарылды. 4 баланың жағдайы әлі де ауыр.

Дәрігерлер балалар тамақтан уланбағанын және олардың бойында инфекциялық аурулардың жоқ екендігін нақтылады.

Министр балалардың жаппай улануына қатысты былай деді:

"Алдын ала эпидемиологиялық тексеру, зертхана зерттеулерінің нәтижесі аурудың даму сипаты тамақтан болмағанын және балаларда инфекциялық аурулардың жоқтығын көрсетті. Бұл жағдайдың болу себебін дәрігер мамандар генезисі белгісіз улы заттан қатты улану деп пайымдайды. Қазір сот медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Балалардың жағдайы ерекше бақылауда".

Премьер-министр Әлихан Смайылов Денсаулық сақтау министріне тапсырма берді. Балаларды барлық қажет дәрігерлік көмекпен қамтамасыз етіп, ауруханадан шыққаннан кейін де бақылауда ұстауын тапсырды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер