Ресей тарапы Кенесары ханның бас сүйегі жоқ екенін айтты

2292
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанның соңғы ханы Кенесарының бас сүйегі Ресей мұражайлардың бірінде болуы мүмкін деген ақпарат тараған болатын. Алайда Ресей бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі. 

Қазақстандықтар өз тәуелсіздігін алған жылдардан бері елдің соңғы ханы саналған Кенесарының бас сүйегін қайтаруды сұрап келеді. Бірақ әлі күнге дейін ханның басы табылмай, елге қайтарылмай келеді. Тіпті нақты себеп те жоқ.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров осы жағдайға байланысты ресейлік тараптың нұсқасын ұсынды.
«Хан басы табиғатта жоқ», - дейді.

«Мұндай сұрақтармен мықты тарихшылар, арнайы мамандар айналысуы тиіс. Бірақ соған қарамастан, бізге түрлі сауалдар жолданады. Біз ресейлік тарапқа жолдаймыз. Кейбір мәліметтерге сәйкес, ресейлік тарап бас сүйектің табиғатта жоқ екенін айтады. Дұрыс жауапты тарихшылардың бергені дұрыс деп ойлаймын», - деді Смадияров.

Алайда қазақстандық мамандар бас сүйекті Ресей мұражайларының бірінде зерттеген. Омбы мұражайындағы бас сүйек 2021 жылы 90% ықтималдықпен Кенесары ханға тиесілі екені де хабарланған болатын.

1837-1847 жылдардағы қазақтардың Ресей империясынан тәуелсіздік алу жолындағы ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі болған Кенесары хан 1847 жылы қайтыс болды.

Қазақтың соңғы ханының денесі өлгеннен кейін қазіргі Қырғызстан жерінде қалып, кесілген басы олжа ретінде Ресейге жеткізілген.

Пікірлер