Даудың басы хиджап ба, әлде зайырлы қатынас па? Министрдің дегенінен не түсіндік?

1792
Adyrna.kz Telegram

Оқу жылы басталуға тура жарты ай қалғанда Оқу-ағарту министрі мектептегі хиджап мәселесі туралы сұраққа тағы да нақты жауап бермеді.  

Жуырда Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың қатысуымен өткен кездесуде, оқушылардың мектепте хиджап кию мәселесі сөз болған еді. Сол кездесуде оқушылардың хиджап киюін мәселе етіп көтерген азаматтың ұсынысын министр қолдағандай кейіп танытқан болатын. Ғани Бектайұлының осы әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыланып, наразылық тудырды.  

«КОНСТИТУЦИЯҒА СӘЙКЕСТІК» ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?

Бүгін, 15 тамызда Үкімет отырысында дәл осы сұрақты Ғани Бектайұлының өзіне қойдық.

«Хиджап киюге рұқсат бересіздер ме?» дегенсұраққа министр «Біз бір нәрсені түсінуіміз керек. Біз бәріміз оған келістік, Конституцияда жазылған, біз зайырлы мемлекетпіз. Сондықтан мектептер де Конституцияға сәйкес өмір сүруі керек деп есептейміз» деп сырғыта жауап берді.  

Министрден нақты жауап болмаған соң«Оқушылар мектепте хиджап кие ме, кимей ме?Нақты жауап беріңізші...» деп індете сұрауға тура келді.

«Мен жауап бердім ғой. Зайырлы мемлекет болғаннан кейін зайырлы мемлекеттің заңын орындауға тиістіміз. Жалпы, біз мектепте білім дағдыларын қалыптастырған кезде біздің мемлекеттің заңдарына сәйкес, оқу процесі сол жердегі үдерісте жүргізілу керек. Сондықтан да заң қай мемлекеттік органда болса да қатаң сақталуға тиісті. Біз осы заң жолымен жүретін боламыз», - деді министр.

«МІНДЕТТІ ТҮРДЕ БІЛІМ АЛУ» ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Ғани Бектайұлының нақты сұраққа қипақтап, ашық жауап бермегені түсініксіз. 2022 жылдың маусым айында Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрі болып тұрғанда хиджапқа қатысты сұраққа былай жауап берген болатын.

«Министрліктің тиісті бұйрығы бар. Біз – зайырлы мемлекетпіз. Мектептер де зайырлы мекеме. 2016 жылдан бері қабылданған бұйрық бар. Ол өзгермеді және өз күшін жойған жоқ. Әрине, мектеп формасын сақтау керек. Алайда шындыққа тіке қарап, проблеманы жасырмауымыз қажет. Осы мәселеге қатысты балалардың мектепке бармай жүрген фактілері де бар. Білімнің инклюзивті болуы өте маңызды, яғни осы балаларға білім беруіміз керек. Ол онлайн форматта да болуы мүмкін. Қазір мектепке бармайтын балалар не істеп жатыр? Мысалға ол балалар «шетелде оқимыз» деп мектептен құжаттарын алып кетеді. Бірақ шындығында олар Қазақстанның шекарасынан сыртқа шығып, ешқайда бармайды. Елімізде онлайн білім беру болмағандықтан көрші мемлекеттердің онлайн-мектептерінен білім оқып жатыр. Ал кейбірі тіпті мектепке баруды мүлде қойған. Ал мұндайға жол беруге болмайды. Балаларымыз міндетті түрде білім алуы керек», - деген еді Аймағамбетов.

2021 жылдың қыркүйек айында Асхат Қанатұлы оқушылар мектеп формасы  кию керек екенін ескерткен болатын.

«Зайырлы мемлекет болғаннан кейін діни мәселе,не басқа мәселе деп бөлмейміз. Мектептердің ережесі бар, министрлік бекіткен арнайы бұйрық бар. Осы бұйрықтың шеңберінде жұмыс істеуіміз керек. Хиджап болсын, қысқа юбка болсын, мектеп формасына сәйкес келмейтін басқа да киімдермен мектепке келуге болмайды. Талап барлығына бірдей. Мемлекеттік стандарт деген бар, талап бар, заң бар, мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын, білім беру ұйымдары бекітілген ережені орындауы тиіс,» - деген болатын Асхат Аймағамбетов.

Серік Жолдасбай

Пікірлер