АСХАТ ҚАСЕНҒАЛИ: Қырғызстан су беруді тоқтатты. Бізді суға байланысты көрші елдермен алда қиын келіссөздер күтіп тұр.

1890
Adyrna.kz Telegram
Қырғызстан тарапы су беруді тоқтатты. Келісілген лимит бітті дейді. Киров су қоймасынан су жіберетін еді. Енді Жамбыл облысындағы диқандардың жағдайы қиын, әсіресе Қордай ауданындағы егіншілер қиналуда. Жамбыл облысының 80 пайыз суы Қырғызстаннан келеді екен.
Қырғыз тарапы судың өздеріне жетпей жатқанын айтуда. Жағдай мәз емес.
Жалпы су тапшылығы енді жыл сайын арта береді. Әсіресе, бізде. Ірі өзеннің барлығы дерлік трансшекаралық. Іле, Ертіс, Шу, Талас, Жайық, Сырдария дегендей. Өзеннің бастауы біздікі емес, яғни өзеннің суын да реттей алмаймыз. Қысым рычагы өзгелердің қолында.
Көршілес елдер су беруді енді азайта береді. Біріншіден өздеріне де су жетпеуде, мұздықтар еріп жатыр. Екіншіден әлемде, бізде және көршілерімізде халық саны артуда, демек шаруашылық саны да, өндіріс ошақтары саны да көбеюде. Сәйкесінше суды қолдану да арта береді. Осылайша бізге келетін су жыл сайын азаяды деп ойлаймын. Келіссөздер арқылы лимитті арттыруға болар, тегін емес әрине. Бірақ ол уақытша шара.
Ауыл шаруашылығында жаңа технологияны енгізуді жылдамдату маңызды. Тамшылатып суару және басқа дегендей. Ол суды үнемдеуге көмектеседі. Шаруаларға суды көп қажет етпейтін көкөніс, дәнді-дақыл сорттарын жеткізу қажет. Бұның барлығы ізденіс пен қыруар қаржыны қажет етеді. Ауыл шаруашылығы ескі жүйеде қалған елдерде суды қисапсыз пайдалану бар. Арықтармен мыңдаған тонна су босқа топыраққа сіңіп кетеді.
Бұдан бөлек су сақтау қоймаларын әр аймаққа салу, оны қыста қар суымен толтырып, жазда егістікке қолдануды да мамандар ұсынуда. Бұл да қымбат, бірақ қажет дүние. Су үнемдеуді балабақшадан бастап барлық адамға үйрету де маңызды. Сарылдатып суды ағызып қойып, өзі жайбарақат жүретін кезең келмеске ақырындап кетуі мүмкін.
Бұның барлығы да жүз рет айтылған, жазылған дүние ғой. Жүз бірінші рет тағы жаза салайын дедім.
Бізді суға байланысты көрші елдермен алда қиын келіссөздер күтіп тұр. Оның нәтижесі де өз саяси, ӘСКЕРИ, экономикалық салмағымызға байланысты.

 

 

 

 

Пікірлер