БҚО әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты сот үкімі шықты

1368
Adyrna.kz Telegram

16 тамызда Орал қалалық соты БҚО әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Ержан Балтаев пен "SPK Aqjaiyq" басқарма төрағасының бірінші орынбасары Артур Досқалиевке қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Ақпаратқа сәйкес, сот экс-шенеуніктерді қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп тапты. Сот үкіміне сәйкес,  Ержан Балтаевқа 2500 АЕК көлемінде немесе 8,6 миллион теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар, Ержан Балтаев мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды.

Ал Артур Досқалиев 1000 АЕК немесе 3,4 миллион теңге айыппұл төлеуі керек. Олар айыппұлдарды бір ай ішінде төлеуге міндетті. Олай болмаған жағдайда, айыпталушылар қамауға алынады.

БАҚ іс материалдарына сілтеме жасай отырып, Балтаев Досқалиевке екі адамды жұмысқа қабылдау туралы нұсқау бергенін жазады. Олар өз кезегінде іс жүзінде жұмыс істемеді, бірақ бірнеше ай бойы жалақы алды. Мемлекетке келтірілген шығын 1,9 миллион теңге. 

Балтаев БҚО әкімінің бірінші орынбасары лауазымында ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап бес ай қызмет атқарды. Тағайындалғанға дейін ол Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы болып жұмыс істеді. Ал бұған дейін ол "Astana Invest"қалалық инвестицияларды дамыту орталығының басқарма төрағасы болған.

Пікірлер