«Зайырлы мемлекет қана дұрыс дамуға мүмкіндік алады». Депутат Жұлдыз Сүлейменовамен сұхбат

9890
Adyrna.kz Telegram

Саясаткер, Қазақстан Парламенті VII-VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты (2021 жылдан) Жұлдыз Досбергенқызы ұлт мүддесін түгендеуде жастар үшін, қоғам үшін не маңызды деген сауалдарға жауап берді. Түрлі діни ағымдар мен батыстық будың жетегінде кеткен дарынды жастарымыздың ел үшін қызмет етуі үшін мемлекетке не істемек керек? Әңгімеде тарқаттық.

Депутат сауалдарға жауап беру барысында қазіргі қоғам жастарының әлеуметтік желіге байлануы арқылы әлсіз ұрпақтардың өсіп келе жатқанын тілге тиек етті. Олардың рухани мықтылығын қайта жаңғыртуымыз үшін тәрбие мен білімге көңіл бөлу қажеттігін айтты.

Мәселен, статистикаға сүйенсек 2023 жылы TikTok айына 1 миллиардтан астам белсенді пайдаланушыға ие болады. Әлемде 4,8 миллиард интернет пайдаланушысы бар және олардың 20,83 пайызы TikTok пайдаланады. 2021 жылдың қарашасынан 2022 жылдың қаңтарына дейін TikTok күн сайын 650 мыңнан астам жаңа пайдаланушыны тіркеді (бұл секундына шамамен 8 жаңа аккаунт).

«Кез келген әлеуметтік мәселенің шешімі бар. Экономикалық уайымдайтын дүниелердің түйіні белгілі. Ғылыми, саяси дүниелердің де шешімі қолжетімді. Ал бірақ, ұлт ретінде ұйысуымыз, келешекті толыққанды біртұтас қоғам ретінде тарихымыз бен тәуелсіздігімізді сақтаудің діңгегі – тәрбие мен білімде. Отыз жылда біз тек білім беріп келдік. Білімнің ең озық тәжіибелерін енгізіп, кейде анклаб жасап, түрлі бағдарламалармен шет елді де көрдік. Бірақ одан біздің қоғам өзгермеді, дамымады. Бұл бүгінгі күннің ащы да болса шындығы. Мені қазір ойландырып жүрген екі нәрсе: жастарымыз желіде тик ток, инстаграм сынды арзан дүниелермен айналысып кетті. Алпауыт елдердің шығарып жатқан желілеріне төтеп беретін бізде ұлттық ұстаным мен технологиялық дамуымыз болмай қалды. Жас буын сол технологиялардың тәрбиесінің жетегінде кетіп жатыр. Ол жердегі түрлі қатігездіктің, арсыздықтың, моральдық қағидалардың қаншалықты біздің ұлттық құндылығымызға сай емес екендігін өздеріңіз жақсы білесіздер. Ол жерде ешқандай фильтр жоқ. Жауапкерлішілік алатын бірде-бір мемлекеттік ұйым жоқ. Тәрбие тұрғысынан жастарға әсер ететін ол кітап. Кітап оқуға деген құштарлықтарын арттыру үшін біздің елдегі небір жас жазушыларды біріктіріп субсидия бөліп, әдеби-танымдық шығармаларымыздыжаңаша түрде шығаруымыз керек. Сол арқылы кітап дүкендерімізді дамыту керекпіз. Сонда ғана діни ағымдардың жетегінде кетіп, батыстық идеологияны шектен тыс сіңірген жастар қатары азаяды. Әйтпесе ол қоғамның дерті», - деді ол.

Көп жерде жастарға акцент қойып, мүмкіндіктер беріп, рухани мықты болуын қамтамасыз ету керектігін айтты ол.

Жұлдыз Сүлейменова біртұтастық мінез керектігін баса айтты:

«Халқымызға біртұтас мінез жетіспейді. Әмиян ұстамағанымызға қанша болды. Бәріміз цифрлы банктерді қолданып, кюармен төлем жасап жүрміз. Шүкір, дамып жатырмыз. Біліктілік бар, білім бар. Шет елден оқып келген азаматтарымыз да қаншама, бірнеше тілде сайрап тұрған жастар қаншама. Бізге мінез керек. Ұлттық рухымызды, отансүйгіштігімізді оятуымыз керек».

Түрлі діни ағымдарға ден беріп, ұлттық сананы ұмытқан жастар үшін зайырлылық ұғымын дұрыс жеткізуіміз керектігін айтты ол:

«Төле би бабамыз «ерлік пен елдік бер. Сол ерлік пен елдікті ұстап тұратын даналық бер» деген. Біз ерлік пен елдікті ұстап қалдық. Осы территорияны бағындырдық, егемендік құрдық, сан мың ғасыр тарихымызда елдік үшін күрестік. Тәуелсіз ел ретінде де жастарымыз арқылы өзімізді әлемге танытып жатырмыз. Димашымыз болсын, Күнсұлу Закариямызды да білмейтін жан жоқ. Бізге алдағы уақытты XXI ғасырдағы қандай да бір қатерлерден, қандай да бір турбулентті кезеңдерден сәтті өтетін даналық керек. Ол даналық тәрбие мен білімнен келеді. Оны жан жақтан жалтақтап басқа елден, басқа идеологиядан іздеудің қажеті жоқ. Өз өзегімізден, ұлттық құндылығымыздан, салт-дәстүрімізден, тарихи игіліктерімізден алуымыз керек. Зайырлылық ұғымын дұрыс түсініп, шынайы зайырлы қоғам қалыптастыруымыз қажет. Сонда ғана ел дамиды».

Дина ЛИТПИН,
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер