Қаңтар оқиғасы. Жотабаевты азаптап өлтірді деп айыпталған полицейлерге қатысты үкім шықты

1845
Adyrna.kz Telegram

Семейде Қаңтар оқиғасы кезінде Жандос Жотабаевты азаптап өлтірді деп айыпталған полицейлерге қатысты үкім шықты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Қалалық сот екі полиция қызметкерін "Қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптаулар" бабымен айыпты деп танып, әрқайсысына 4 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ олар жәбірленуші тарапқа шамамен моральдық шығын ретінде 4,5 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді, делінген хабарламада.

Ал прокурор соттан Қанақынов пен Ағзамовты 6 жылға түрме жазасына кесуді сұраған.

Сондай-ақ, сот кезінде көрсетілген видеода полицейлердің әрең қозғалып жатқан Жотабаевты тепкілеп жатқаны көрінеді. Дегенмен, айыпталушы полицейлер сотта өздеріне тағылған айыпты мойындамады. Олар күш қолдану әрекеті бар болғаны қызметтік міндетті орындау аясында ғана жүргізілгенін айтып ақталды.  

Сотталушылардың жасы небәрі 23 және 27 жаста. 

Еске сала кетсек, Жандос Жотабаев қаңтар оқиғасы кезінде митингке қатысқаны үшін қамауға алынған. Іс материалдарына сәйкес, 36 жастағы Жотабаев 2022 жылы 17 қаңтарда уақытша ұстау изоляторында көз жұмған. Ол 6 қаңтарда ұсталған еді. Медициналық сараптама кезінде Жотабаевтың 11 қабырғасы сынғаны, өкпесінің ісіп кеткені анықталған. 10 күннен кейін ол қайтыс болды.

Пікірлер