ШЫҢҒЫС МҰҚАН: Әрбір бесінші жоғары білімді түлек таксиші не курьер болып жұмыс істейді

2098
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда әрбір бесінші жоғары білімді түлек иә таксиші, иә тамақ тасушы болып жұмыс істейді.

Ойландыратын дерек. Ес жиғызатын шындық. Бірден басын ашып алайық, жан бағудың кез келген заңды жолына қарсылық жоқ.

Айтпағым, жуырда ойдай білім гранты бөлінді, жылда бөлінеді. Грант алмаған күннің өзінде таксиші, тамақ тасушы жігіттер ата-анасының қаржысының есебінен кемі 4 жылын сарп етіп оқиды. Таксиші не тамақ тасушы болу үшін дипломның қажеті не деген заңды сұрақ туады.

Бұл нені білдіруі мүмкін?

1) Профориентация нашар, яғни оқушылар кім болғысы келетінін нақты білмейді. Өмірлік шешім кездейсоқ қабылданады. Бұл тұжырымды растау үшін мектеп түлектерінің арасында әлеуметтік зерттеу жүргізу керек.

2) Диплом алған мамандардың біліктілігі төмен, яғни маман болып жұмыс істеуге квалификациясы жетпейді, содан кездейсоқ істі місе тұтады. Бұл тұжырымды да терең зерттеу қажет. Бұл ойға өз салам түрткі болды. Мәселен, аудармашы дайындайтын университет көп, алайда аудармашылар тапшы.

3) Жалпы жұмыссыздық — білімнің емес, ең алдымен экономиканың мәселесі. Сондықтан экономика әртараптанбай, өнеркәсіп көбеймей, жастар осылай кездейсоқ жұмысты істей бермек.

Шыны керек, жастарды аяймын. Зертханаларда ғылыммен айналысып, жаңалық ашып, иә болмаса басқа да қосымша құны көп іспен айналысудың орнына жастық шағын мақсаты тамақ табудан аспайтын іске қор қылып жүр. Олардың басым бөлігі, егер бәрі болмаса, қазақтілді, қазақ мектебін бітірген жастар екеніне бәс тігемін. Ал сіздер ата-аналар балаларын қазақ мектептеріне бермейді дейсіздер.

Бұл да зерттеуге сұранып тұрған іс. Қазақ және орыс мектептерін, қазақ және орыс факультеттерде оқыған түлектердің тағдырын терең зерттеу қажет. Қай топ қаншалықты мамандығы бойынша жұмыс істеп жүр? Қай топтың еңбекақысы жоғары? Және неге? Өте қызық тақырып.

Шыңғыс Мұқан

Пікірлер