Авраамдық діндер: қоғамға ықпалы мен өзара байланысы

9240
Adyrna.kz Telegram

Әлемде көптеген діни сенім-наным, конфессия, дәстүрлі және әлемдік дін бар. Олардың пайда болуы, қоғамға ықпалы, ішкі канондары, өзара қарым-қатынасы, әлемдік және жергілікті саясатқа ықпалы, өзгелер тарапынан мойындалуы немесе танылуы бір-бірінен әрқилы және өзіндік айтарлықтай ерекшеліктері бар. Дегенмен, оларды байланыстыратын дін тобы - аврамдық діндерді атап өткен жөн. Бұл туралы “Адырна” тілшісі дінтанушы, PhD докторант  Әл-Фараби Нұрбекұлынан  сұрап білді.

«Авраамдық діндер - бұл діндердің сенімдерінде маңызды рөл атқаратын библиялық тұлға Ыбырайыммен байланысты әлемдік діндер тобы. Авраамдық негізгі діндерге иудаизм, христиан және ислам діні кіреді.

Авраамдық, немесе ибраһимдік дін деп семит тайпаларының патриархы (бабасы) – Ибраһимнен (Авраам, Ыбырайым) бастау алған ежелгі дәстүрден шыққан монотеистік (жалғызқұдайшылық) дінді айтады. Ибраһимдік діндерде Ибраһим тұлғасы зор беделге ие, ол пайғамбар ретінде ғана саналмай, сол діндер ұстанушыларының рухани бабасы саналады.

Патриархтың есіміне келсек, арабша оны Ибраһим, еврейше Авғаһам (Авраам), ал қазақта оны қазақ тілінің фонетикасына сай Ыбырайым деп атайды. Сол себепті оның есімі әртүрлі формада кездеседі. Семит тілдерінде «ав» және «раһам» сөз тіркесі «көптің әкесі» дегенді білдіреді. Ыбырайымдық үш дін де Ыбырайымды өздерінің рухани атасы деп санайды. Иудаизмде Ибраһим халықтың әкесі, христиан дінінде – христиандық сенімнің бастаушысы, ал исламда – мұсылман үмбетінің пайғамбары және негізін қалаушы болып саналады”,-деді дінтанушы.

Сондай-ақ, үш діннің де өздерінің қасиетті мәтіндері бар екенін қоса кетті. Айтуынша, олар Құдайдың рухымен жазылған деп саналады. Иудаизмде бұл Танах (Ескі өсиет), христиандықта Библия (Ескі және Жаңа өсиет), ал Исламда Құран. Ибраһимдік діндердің негізгі сипаттамаларының бірі - бір Құдай туралы монотеистік ілім. Үш дін де құдіретті бір ғана құдай бар екенін айтады.

 

Авраамдық діндердің (иудаизм, христиандық, ислам) бұрмаланып дәріптелуі әлемде болып жатқан түрлі оқиғалар мен тарихқа айтарлықтай әсер етті. Мәселен, 11-13 ғасырда өткен Крест жорығын атауға болады. Ол кезде христиан әскерлері киелі жерлерді азат ету және Иерусалимді бақылауды қалпына келтіру үшін Түркия, Таяу Шығысқа сапар шеккен болатын.  Ал 16 ғасырда христиандықта реформациялық қозғалыс жүріп, нәтижесінде протестанттық шіркеулер католиктік шіркеуден бөлініп шықты. Бұл діни және әлеуметтік өмірге, сондай-ақ Еуропадағы саяси жағдайға терең әсерін тигізді.

20 ғасырдың аяғында Кеңес Одағының ыдырауында және жаңа тәуелсіз мемлекеттердің қалыптасуында да діни ағымдар, соның ішінде ислам маңызды рөл атқарды. Кейбір лаңкестік ұйымдар, әсіресе исламдық сипаттағы экстремистер, діни сенімге негізделген шабуылдар болды.
2001 жылғы 11 қыркүйектегі АҚШ-тағы шабуыл соның дәлелі. Одан бөлек, Израиль мен Палестина арасындағы ұзақ мерзімді қақтығыста да діни және этникалық аспектілер маңызды рөл атқарады.

Бұл авраамдық діндердің бұрмаланып дәріптеленуінің кішкене ғана көрінісі. Одан бөлек, діндер арасындағы бөлу де қоғамға зиян екенін Әл-Фараби Нұрбекұлы баса айтты.

«ДІНДЕР АРАСЫНДА ДИСКРИМИНАЦИЯ БАР»

«Бұл аймаққа байланысты. Бірақ жалпы алғанда, қазіргі жаһандану дәуірінде орта ғасырлармен салыстырғанда адамдардың, қоғамдастықтардың бір-біріне деген қарым-қатынасы едәуір жақсы десе де болады. Алайда, өкінішке қарай, мұсылман саналатын кейбір теократиялық, клерикалдық елдерде басқа дін өкілдеріне қатысты дискриминация байқалады. Мысалы, Иранда исламнан бөлек тек мәсіхшілік, яһудилік және зороастризм діндері ғана мойындалады Оларды Құранда жазылған «Кітап иелері» санатына жатқызады. Басқа діндер заңнан тыс саналады. Сонымен қатар, мәсіхші, яһуди мен зороастрийліктер Парламентте аз шектеулі орын ғана ала алады. Сауд Арабиясында басқа дін өкілдері мүлде мемлекеттік қызметші бола алмайды, және тағысын тағы. Оған қоса, мұсылман саналатын клерикал елдерде егер де біреу мұсылманшылықтан басқа дінге өтсе, онда өлім жазасына кесіледі, бірақ басқа дін өкілі ислам қабылдаса, оны қоштайды. Зайырлы елдерді алсақ, онда ол елдерде мәсіхші мен яһудилер жалпы интеграцияланған. Көбінесе, мұсылман радикалдарымен мәселе болады. Себебі ол кісілер араб елдері сияқты шариғат орнатылуын қалайды. Бұл негізгі мәселе»,-деді ол.

Дегенмен, Авраамдық діндер мәдениет пен қоғамның дамуына ықпалы тиген.

«Ибраһимдік діндердің мәдениетке ықпалы өте зор. Тек мәдениетке ғана емес, тілге, өмір салтына да. Мысалы, бұрын пұтқа табынып, өлі адамдарды өртеп жүрген ел болса, ибраһимдік дінді қабылдағаннан кейін ол елде жерлеу мәдениеті пайда болады. Сонымен қоса, тағамдарды да «таза» (адал) және «лас» (арам) деп бөле бастайды. Ибраһимдік діндердің жалпы алғанда әлемге деген оңды әсері жеткілікті. Түркілер ислам дінін қабылдағаннан кейін біздің тілімізде де соның әсері білінеді. Мысалы, біз өлген адамды «қайтыс болды» дейміз. Неліктен? Себебі Құран бойынша, адам Аллаға «қайтады» деп саналады да «қайтыс болды», - деді дінтанушы.

Елімізде діни сенім бостандығының қамтамасыз етіуліне байланысты бүгінде Алматы қаласында 17 конфессиядан құралған 190 діни бірлестік тіркелген. Олардың ішінде жоғарыда аталған аврамдық діндерге жататын исламдық, христиандық және иудаизмдік діни бірлестіктер басым бөлігін құрайды.

Әртүрлі діни сенім мен конфессиялардың тіркелуіне қарамастан елімізді, соның ішінде Алматы қаласында діни тұрақтылық пен конфессияаралық келісім орнаған.

Мегаполисте ар-ождан, дін және сенім бостандығын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы қарым-қатынастың қалыптасқан моделі дінге сенушілердің құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге, серіктестік қатынастарына және өзара түсіністікке ұмтылуға негізделген.

Жемісті және сенімді жұмыстың нәтижесі 2017 жылы Алматының барлық діни бірлестіктерінің шамамен 80%-ы ұсынылған Діни бірлестіктердің көшбасшылары клубының құрылуында болды. Құрылған сәттен бастап Клуб өзін тиімді диалог алаңы және мемлекет пен діни ұйымдар арасындағы ғана емес, сонымен қатар түрлі конфессиялардың өкілдері арасындағы сенім мен әріптестікті дамыту мен тереңдетуде пәрменді құрал ретінде көрсетті.

Дана Нұрмұханбет

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер