Өмірден алынған мысал. Қоғам белсендісі әкімшіліктің "адам өлімі" болмайынша мәселені оңды шешпейтінін айтты

1436
Adyrna.kz Telegram

Қоғам белсендісі, журналист Бахтияр Қабас Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы келеңсіз жағдайды айтып, басшылыққа үндеу тастады. Оның айтуынша, тұрғындар қатынайтын көпірді су шайған. Ал оған мүлдем назар аудармаған әкімшіліктің кесірінен адам өлімі бола жаздаған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Журналист, қоғам белсендісі Бахтияр Қабас елде белгілі бір мәселені толық шешу үшін "міндетті түрде адам өлімі болуы тиіс пе?" деген ащы сауал тастап, жауапты мекемелердің жұмысын сынға алады. Сонымен қатар, ауданда болған оқиғаны адам шығынына қатысты жағдайды сөз етіп, жауаптыларды сынайды:

- Осы бізде мәселені дер кезінде шешуге не кедергі? Міндетті түрде оқыс оқиға орын алу керек пе? Қайбір жылы Жаңалық ауылындағы күрежолға камера мен жаяу жүргінші жолағын салуды халық қанша сұрады, созбақтаттық. Нәтижесінде оқушыларды көлік қағып, соңы өліммен аяқталды. Артынша айға жеткізбей камера да, жолақ та пайда болды, - дейді автор.

Кейіннен тағы да тұрғындардың талап-арызы ескерілмей, Талғар өзеніндегі көпірде адам мертігіп, жан тәсілім ете жаздағанын жазады:

- Өткенде Енбекшіқазақ ауданындағы саяжай тұрғындарының Талғар өзенін қиып өтетін "қыл көпірін" су шайып кетті. Халық тағы шулады, өтініш айтты. Енбекшіқазақ ауданы 25- тамызға дейін жасаймыз, қалпына келтіреміз деді. Бірақ тағы да сиыр құймышаққа салынып, аяқсыз қалды. Міне, бүгін сол саяжайдың қос тұрғыны суға ағып, тұрғындардын көмегімен бір Алла сақтап аман қалды. Енді осы жерден адам шығыны шықпай іс бітпейін деп тұр ма? Иә, қазір халық өзі қолдан жасап алған көпір. Өйткені әкімшілікке сенуден қалған. Ескерту берілген, қауіпті жер екені ескертілген деген пікірлер әкімшілік тарапынан айтылатыны сөзсіз. Десек те, оқу жылы басталарға санаулы күн қалды, сол "қыл көпірмен" қаншама қаракөздеріміз өтуге мәжбір! Себеп мектепке апарар жалғыз төте жол осы! Адам өмірімен ойнамайықшы! Облыс әкімдігі осы мәселені жеделдетіп қолға алады деп сенемін!

Әзірге құзырлы мекемелер бұл мәселеге қатысты түсінік бермеді. Ал тұрғындардың "шарасыздан" бұқаралық ақпарат құралдарына жүгінуге мәжбүр екендігі айтылады.

 

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер