Бірінші сыныпқа барған оқушының 68 пайыздан астамы қазақ тілінде білім алады - министрлік

1574
Adyrna.kz Telegram
Фото: aikyn.kz
Фото: aikyn.kz

Республика бойынша бірінші сыныпқа барған оқушылардың 68 пайыздан астамы қазақ тілінде оқытатын мектептерде білім алады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігінің орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев “Адырна” ұлттық порталына берген жауабында айтып берді.

Республика бойынша қазіргі таңда бірінші сыныпқа жалпы 366 894 бала қабылданды және қабылданған 250 203 бала (68,2%) қазақ тілінде оқытатын мектептерде білім алатын болады,- деді Жомарт Қарамбаев.

Сондай-ақ, ол жаңа оқу жылында республика бойынша жалпы 7 мыңнан астам орта білім беру ұйымдары жұмыс істейтінін айта кетті.

Білім алушылардың болжамды контингенті - 3,9 млн. және педагогтер саны - 340 мың. Жаңа оқу жылы қарсаңында барлық өңірлерде дайындық жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде кешенді мониторингінің нәтижелеріне сәйкес республика бойынша 260 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде және жаңа оқу жылының басталуына қарай  194 нысанды тапсыру жоспарланған, қалған мектептердің жөндеу жұмыстары келісімшарттардың талаптарына сәйкес жүргізіледі. Жаңа оқу жылы қарсаңында жөндеу жұмыстары аяқталмайтын мектептер оқушыларының үздіксіз білім алуын қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті жұмыстар, атап айтқанда көршілес мектептерде, бейімделген ғимараттарда оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру және тасымалдау мәселесін шешу бойынша жұмыстар атқарылуда, деді төраға орынбасары.

Пікірлер