АСХАТ ҚАСЕНҒАЛИ: Бюджетті басқару құқығы дегеніміз жеке қаржы емес екендігін әкімдер түсіну керек.

1550
Adyrna.kz Telegram
Жолдауды енді ғана қараудың мүмкіндігі туды. Фейсбук беті де жолдаудағы бастамалар жайында жазылған жазбаға толыпты.
Аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын бермек дегенді оқыдым. Бұл не сонда? Түсінгенім былай. Елімізде жалпы 160-қа жуық аудан бар-ау қателеспесем. Сол ауданның барлығы дерлік мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады. Енді соларға жергілікті бюджетті басқару еркіндігі беріледі, әсіресе бұл сол ауданнан түскен салықтың бір бөлігін сол ауданның мәселесін дереу шешуге бағытталатын жоба негізінде болады деп ойлаймын. Оны қалай бағыттайды, қай мәселеге бағыттайды, ол сол аудан әкіміне тікелей байланысты.
Бұл бір жағынан аудандарды автономды жүйеде жұмыс істеуге көшіре бастайды. Міне, осы тұста қай әкімнің білікті, қай әкімнің осалдау екені байқалып қалады.
Әкімдерді сайлау жүйесі ақырындап енгізіліп жатыр, ендеше оларға жергілікті бюджетті басқару да беріле бастайтыны түсінікті еді негізі. Бірақ бұл тұста тағы бір мәселе бар, ол жергілікті бюджетті басқару барысында жемқорлық фактісінің арту ықтималдығы. Сондықтан да антикордың да жұмысы қарқын алуы керек, әсіресе аудандарда.
Жалпы Еуропа елдерінің көбінде әр қала, әр аудан көбіне өз бюджетін басқару құқығына ие. Әрине олар инвестицияны да өздері тартады. Сондықтан да кейде бір аймақ екінші бір аймақтан өза шауып жатады. Біз де соған ақырындап келеміз деп ойлаймын.
Сонда қаржыны жоспарлы мәселеден бөлек тосыннан туындаған мәселеге бағыттау мүмкіндігі туады. Шешімді орталықтан күтіп отырмай, өз еркімен іске асыра бастайды. Бюджет басқару мүмкіндігі болмағандықтан, қазір облыс не айтады, республика не айтады деп отырады. Олар шешім айтқанша мәселе ушығып кетуі немесе болары болып, бояуы сіңіп қалуы да мүмкін. Сондықтан да бұл шешім "шешім қабылдаудағы жылдамдықты арттыру" үшін де жасалғандай.
Бюджетті басқару құқығы дегеніміз жеке қаржы емес екендігін әкімдер түсіну керек. Бұл оңды-солды қаржыны шаша беру құқығы емес, халық салығын тиімді қолдану жүйесіне айналуы қажет. Әр әкім менеджер (қажет болса кризис-менеджер) бола білу шарт деген ойдың бір ұшын осы тұстан шығарып қойсам. Әкімдерде жауапкершілік зор (болсын).
Пікірлер