Ұлытау облысында 1-сынып оқушыларының 81 пайызы қазақ тілінде білім алады

1885
Adyrna.kz Telegram

Биыл Ұлытау облысында жаңа оқу жылын 40663 бала қарсы алып отыр. Оның ішінде 4 440 оқушы 1-сыныпқа қадам басты. 

Биылғы оқу жылында облыстағы 1-сынып оқушыларының 81 пайызы қазақ тілінде білім алуды таңдаған. Білім күнінде өңірдің барлық мектептерінде "Мектебім — мейірім мекені" тақырыбында сынып сағаттары өтті.

Өңір оқушыларын білім күнімен алғашқылардың бірі болып облыс басшысы Берік Әбдіғалиұлы құттықтады. 

“Бұл күн  сіздердің жаңа белеске қол созып, биік шыңдарды бағындыра түсулеріңізге, тағы да мыңдаған мүмкіндікке жол ашады. Білім нәрін бойына молынан сіңіріп, талаптанудан шаршамаған жастар ғана болашақтың іргесін берік ұстайды. Сол себепті де қажыр-қайраттарыңызды аямай, бар күш-жігерлеріңізді келешекке нық қарауға сарп етіңіздер!”  —  деді ол өз құттықтауында. 

Облыс орталығы Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов № 3 ЖББМ-ге барып, салтанатты жиынға қатысты. Инклюзивті білім беруде көшбасшы мектеп саналатын аталған білім ордасының оқушылары мен ұстаздарына жаңа оқу жылында сәттілік тілеген қала әкімі мектептің жөндеу жұмыстарымен де танысты. 

1 қыркүйек — білім ордасына имене қадам басқан 1-сынып оқушылары үшін айрықша толқыныс пен естен кетпес естелікке толы күн.  Бүгін осындай ерекше сезімді бастан өткерген оқушының бірі — Сәтбаев қаласындағы № 25 мектептің 1-сынып оқушысы Айсұлтан Алимов. 

“Мені мектепке анам алып келді. Алғашқы ұстазыммен, сыныптастарыммен таныстым. Мен сабақты жақсы оқып, үлгілі оқушы болуға тырысамын”, — дейді Айсұлтан.  

Облыс бойынша мектептерде 4500 педагог қызмет етеді. Биылғы оқу жылында мектептерге колледж бен университетті бітірген 77 жас педагог жұмысқа қабылданған. Олардың қатарында жергілікті Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін және Арқалық педагогикалық университетін, Еуразия Ұлттық университетін, Қыздар ұлттық педагогикалық университетін тәмамдаған жас мамандар бар. 

Жаңа оқу жылында жақсы жаңалық көп. Биылдан бастап Жезқазған технология және сервис колледжі мен Сәтбаев индустриалдық колледжінде пилоттық режимде өқу-өндірістік комбинатының үлгісінде 10-сыныптардың 60 оқушысына жұмысшы біліктіліктері, яғни тамақтандыруды ұйымдастыру, автослесарь, тігін ісі, дәнекерлеу ісі бойынша кәсіптік білім берілетін болады. Бұл оқушыларға мектеп бітіргенде жалпы орта білім туралы аттестатқа қоса жұмысшы мамандықтың дипломы бірге беріледі. 

Сондай-ақ, Жезқазған қаласындағы түзету мекемесі жанынан № 1 колледж ашылды. Аталған колледжде 75 жазасын өтеуші жұмысшы біліктілігін алатын болады. Мұндай шешім жазасын өтеп отырған азаматтардың бостандыққа шықққанда әлеуметтенуіне, жұмысқа орналасуына мүмкіндік тудырады.

Сонымен қатар, өңірді дамытудың кешенді жоспары шеңберінде қарастырылған салаларға қажетті маман даярлау үшін Жезқазған гуманитарлық колледжінде "Шетел тілі", Қарсақпай агроехникалық колледжінде "Ветеринария", "Экология және қоршаған орта" мамандықтары ашылды.

Пікірлер