Қоғам белсендісі өзін "араб-парсы идеологиясына" сай жерлемеуді тапсырып, өсиет-хат жазды

3382
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандағы діни ахуалға, діни еркіндік пен діни саясатқа қатысты өз ойын ашық айтып, ютуб арналарының біріне сұхбат берген қоғам белсендісі Тортуыл Шоқанға қарсы жасалған қысымды сипаттаған белсенді Тұрарбек Құсайынұлы тосын мәлімдеме жасады. Ол өзінің ұрпағына өсиет жазып қалдырып, оны жалпақ жұртпен бөлісті, деп хабарлайды  "Адырна" ұлттық порталы.  

Өсиет-хат иесі Қазақстандағы діни алабөтендікті сипаттап, мынандай мәтінмен бөлісті:

- Құрметті қазақи танымдағы зайырлы Отандастар!

Тортуыл Шоқан ағамызға имам-молдалар қатты шүйлігіп, әбден қарғап-сілеп жатыр екен. Бұған себеп Нұрекеңнің журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген ащы да болса, ақиқатқа толы сұхбаты дер едім.

Соған байланысты мен кіші жүз Адай руы , оның ішінде Тобыштың Табынайы боп табылатын Тұрарбек Құсайынұлы осы жарық дүниеде дәм-тұзым таусылып, алда-жалда,яғни болашақта ақтық сапарға аттансам, мені араб-парсы идеологиясы және мәдениет-фольклорына негізделген Ислам дінінің араб тілінде оқылатын діни рәсімімен жерлеуге үзілді-кесілді қарсы екенімді білдіріп, өз ұстанымымды халық алдында ашық мәлімдегім келеді.

Аталмыш өсиет-хат өз қолыммен жазылды және ең жақын туыстарыма табысталды.

Құрметпен өсиет-хат иесі: Тұрарбек Құсайынұлы

02.09.2023, - деп жазды қоғам белсендісі.

Орайы келгенде айта кетейік, қоғам белсендісі Тортуыл Шоқан Қазақстандағы қайшылыққа толы діни алауыздық пен діни ахуалды талдап, сараптап, журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға сұхбат береді. Белсенді Тұрарбек Құсайынұлы осындай мәлімдеме жасау арқылы сұхбаттағы көзқарасты қолдайтынын білдірмек болған.

 

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер