Маңғыстау облысының әкімдігі дәретхана қағазына 7 024 609 теңге қаржы бөлген

1652
Adyrna.kz Telegram

«Маңғыстау облысы әкімдігінің Іс басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жыл басында дәретхана қағазына арнап 7 024 609 теңге қаржы бөлген, - деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы goszakup.gov.kz сайтына сілтеме жасап.

Тендердің жеңімпазы 2023 жылдың 19 қаңтарында анықталған. Әкімдік қызметкерлерінің табиғи әжетіне арналып бюджеттен бөлінген 7 024 609 теңгеге 11 570 дана дәретхана қағазы сатып алынған. Әр дәретхана қағазының құны – 607 теңгені құрайды.

607 теңге тұратын дәретхана қағазының әр данасында 12 орам болуы міндетті. Онымен қоса, ақтаулық шенділер 2 қабатты, 100 пайыз целлюза материалынан жасалған, ені 12 сантиметрлік, орам ұзындығы 150 метр, түсі ақ қағаздарды ғана пайдаланады екен.

Техникалық сипаттамада тендер жеңімпазы әр 30 күн сайын 1157 дана (әр данада 12 орам) дәретхана қағазын жеткізіп тұруға міндеттелген. Демек, Маңғыстау облысының әкімдігі айына 13 884, күніне 694 орам қағазды (20 жұмыс күнін есептеп отырмыз) кәдеге жаратады-мыс. Әр орамның ұзындығы 150 метр деп есептесек, облыс әкімдігінің қызметкерлеріне күніне халықтың қалтасынан жиналған ақшаға 104 100 метр дәретхана қағазын сатып әперіп беріп отырмыз деген сөз.

Бізді бірер сұрақ мазалайды. Әкімдікте қызмет істейтін шенеуніктер күніге 104 100 метрлік әжетхана қағазын пайдалану үшін қанша рет дәретханаға барып, қанша рет үлкен дәретке отыруы керек? Күніге 694 орам қағаз қоятындай бір ғана әкімдікте 694 дәретхана бар ма? Маңғыстау облысының әкімдігінде іші ұстамайтын мемқызметкерлер ғана жұмыс істейтін болғаны ма? Жоқ әлде, дәретхана қағазы деген ақша қымқырудың төте жолы ма?

Сіз не дейсіз?

Қанат Бірлікұлы

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер