«Батыл тойтарыс-2023». Тоқаев Қазақстан әскерінің "күрделі кезеңдегі" сын-қатерге дайындығын тексерді

1350
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиынына барды. Жиында Қазақстан әскерінің әлеуетін тамашалап, жауынгерлермен жолықты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Ақордаға" сілтеме көрсете отырып.

Президент - Қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен «Жағалау» оқу-жаттығу полигонында «Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық, әскери оқу-жаттығу жиыны өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев оқу-жаттығу жиынына бастан-аяқ бақылау мұнарасынан көз тікті.

Әскери әдіс-тәсілдер жайлы мемлекет басшысына генерал-майорлар Болат Жорабаев пен Алмаз Жұмакеев баяндады. Сонымен қатар, қорғаныс операциясы, десанттық шабуыл әскерлерінің әрекетін тәпсірледі.

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бригадалық-тактикалық топтары авиацияның қолдауды, сондай-ақ құрлық әскерлері және арнаулы операциялар күштерінің бөлімшелерімен бірлесіп, судан өту арқылы қарсы жағалаудағы жау шебін басып алу жолдарын көрсетті.

Ал арнаулы операциялар күштері мен Ұлттық ұлан бөлімшелері шартты жау қолына өткен Қапшағай ГЭС-ін азат етті. Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері техногендік апат салдарын жоюмен айналысып, халыққа гуманитарлық көмек көрсету міндетін атқарды.

Қарулы күштердің бас штабы әзірлеген бірыңғай жоспар мен мақсатқа сәйкес әскерлер оқу-жаттығу жиыны өтетін аудандарға стратегиялық тұрғыда қайта топтастырылды.

Атап айтқанда, әскери-теңіз күштері авиацияның және арнаулы операциялар күштерінің қолдауымен Каспий теңізі акваториясындағы экономикалық қызмет нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

Президент бұл оқу-жаттығу жиындары күрделі геосаяси кезеңде өткізіліп отырғанына назар аударды.

Бүгінде әлемдік қорғаныс жүйесінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Қазіргі ұрыстардың әдіс-тәсілдері де басқа, әсіресе, гибридтік соғыс түрлері кең таралуда. Шабуылдар әскери ғана емес, ақпараттық, психологиялық, саяси, экономикалық және басқа да сипат алуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан армиясы кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет. Бұл – заманауи әрі кәсіби әскерге қойылатын басты талап. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақстан. Елімізді, жерімізді, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды қорғау – баршамызға ортақ қасиетті парыз! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарындағы полигондарда да осындай оқу-жауынгерлік міндеттер орындалғаны хабарланды.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер