Елбасы жолдауын төрт жыл "кешігіп" насихаттамақ болған маманға сөгіс берілді

1438
Adyrna.kz Telegram

"Адырна" ұлттық порталында"Қазығұрттықтар қызметтен 4 жыл бұрын кеткен "Елбасы жолдауын" Жайдарман арқылы оқушыларға насихаттамақ" деген тақырыппен материал жарияланған еді. Сол сыни мақалаға Қазығұрт ауданының ішкі саясат бөлімі жауап беріп, қателік жіберген мемлекеттік қызметкерге сөгіс жариялағанын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қазығұрт ауданының Ішкі саясат бөлімі 2023 жылдың 30 мамыры күні құны 4 500 000 теңге болатын "Елбасы жолдауын" насихаттауға бағытталған тендер жариялаған. Тілшіміз қазығұрттықтар Елбасының жолдауын былай қойып, Елбасы статусының да біржола алынып тасталғанын ұмытып кеткенін, төрт лоттан тұратын тендердің бірінің ғана жеңімпазы анықталып, жобаны жүзеге асыру ісі жергілікті ардагерлер ұйымына берілгенін анықтаған еді.

"Адырнаның" бұл сынына қатысты аудандық ішкі саясат бөлімінің берген жауабында: "Шілде айында мемлекеттік, әлеуметтік тапсырыс бойынша сатып алуға жарияланған тақырыпта қателікке жол берілген. Осы орайда бөлім қызметкерлерімен жиналыс өткізіліп, ағымдағы жылдың маусым айында келген маманның жіберген кемшілігі екендігі анықталды. Жиналыс қортындысымен бөлімнің жауапты маманына «сөгіс» түрінде тәртіптік шара көрілді" делінген.

Тілшіміз аталған материалда Қазығұрттың ішкі саясат бөлімі "Президент жолдауын қолдау, мемлекеттік тіл тұғырымыз" тақырыбында мектеп оқушылары арасында «Жайдарман» ойынын өткізуді де жоспарлап отырғанын, осылай жолдауды мектеп оқушыларына насихаттамақ ниеттері бар екенін де жазған еді.

Ресми жауапта Ішкі саясат бөлімі жолдау туралы ештеңе айтпаған. Тек, "Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» және «Жас туристер станциясы» мекемелерімен бірлесіп, мектеп оқушылары арасында «Жайдарман» нұсқасы аясында оқушылардың ой-ұшқырлығы, мемлекеттік тілдің құндылығын насихаттау және өз өнерлерін көрсету мақсатында ұйымдастырылатын іс-шара болып табылады" деген.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер